Мырзакелді Кемелдің Абзалдық әліппесі кітабынан ар-намысқа қатысты данышпандардың ойларын назарларыңызға ұсынамыз.Есті адамдардың мынадай үш үлкен қасиеті болады: біріншіден, жұртқа берген ақыл-кеңесін өзі орындайды, екіншіден, ешуақытта әділдікке қарсы шықпайды, үшіншіден, төңірегіндегі жандардың қателіктеріне кешірімшіл келеді,- дейді Лев Толстой. Сол үш қасиет те адамның ішінен шығатын ар-иман үкімінен болады. Сондықтан да Менандрдың: Әр адамның құдайы өзінің ары дегеніне мойынсұнамыз. Мейірімді болу үшін әдепті болу керек. Әдепті болу үшін ақылды болу керек. Ақылды болу үшін оқу, оқығаныңды тоқи білу керек. Адамдағы нысап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда, ождан деген ұғым туады. Мұны орысша совесть деп атайды, дейді Шәкәрім. Үмітіңді үзбе. Үміт түнгі аспан сияқты, қай жағынан қарасаң да жаңа жұлдыздар көргендей боласың. Адам үмітсіз өмір сүруі мүмкін емес, бірақ үміттену талаптылыққа, жетілуге ұмтылуға негізделмесе, үміті қиял күйінде қалып қояды. Жалған сеніммен құры қарап отырған адам өз өмірін жақсарту үшін күрестен аулақтайды. Арлы бол, жарлы болма, дейді қазақ: Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы,- дейді тағы да. Алдымен керегі адамдықтың ең жоғарғы өлшемі ар. Ар, одан кейінгі керегі жан, ал мал осылар үшін садаға, ол тек аштан өлмеу үшін керек дегені. Демек,Ол жан қиюға болар қасиет. Өлімнен ұят күшті дегенде қазақ осы арды айтқан. Арыңа, атыңа, атаңа, тегіңе лайықсыз нәрсе жасап өмір сүргенше, өлген артық дегені. Ауыр айтылған, бірақ әділ айтылған. Адамдықты ойласаң, Мал мен бастан ар жақсы,- деген екен Майлықожа ақын. Малының көптігін иманын жоғалтқан мақтан етеді,- дейді Бөлтірік шешен. Жақсылыққа үлгі көрсетіп жетпесе, уағыз айтумен жету қиын,-деген екен Сенека. Ақтабан-шұбырынды дәуіріндегі Жоңғар шапқыншылығында алты алашқа аты жайылған данагөй Әнет баба тоқсаннан асып, жүзге жақындаған шағы екен. Жолындағыны жаппай қырғыншылыққа ұшыратып келе жатқан жаудың тегеурініне шыдамай ел кері шегініп, ауа жөнелгенде, әлі бұғанасы қатып үлгермеген екі баласын үріккен елмен бірге аттандырып: Өсер кіндігім өркен жаяр еліммен бірге болсын, өз сүйегім туған жерімде қалсын, қайта оралар кейінгі ұрпаққа тілеулес болып ата мекенінде жатар! деп көшкендерге ілеспей жұртта қалып қойған деседі. Үлгі деген осылай болар. Әйтеуір анадан тәуірмін ғой деме. Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жаман болады-дағы,- дейді Абай.