Азаттықтың ақ таңы атар алдында тарихи атауларды қалпына келтіру, жағырафиялық атаулардың бұрмаланып қате жазылып жүрген жайттарын бірізге түсіру, құндылығын жойған кейбір өрескел атауларды өзгерту, азаматтарымыздың аты-жөнін дұрыс жазу секілді қыруар мәселе туындап, бұл туралы халықтың талап-тілектері баспасөзде ұдайы жарияланып, дабыл қағылғаны белгілі. Ана тіліміздің мәртебесін тұғырға қондыру, әсіресе ұлан-ғайыр атамекеніміздің байырғы атаулары мен азаматтарымыздың аты-жөнін ұлттық тіліміздің мәдениетіне сай жүйелеу ғалымдарымызға терең жауапкершілік жүктетті.
Тәуелсіздік заман тудырған осындай ұшан-теңіз шаруаларды абыроймен атқарып жүрген білімпаздарымыздың бірегейі, қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Телғожа Жанұзақ – өзінің саналы ғұмырын ғылым жолына арнап, рухани еңбегімен отанымыздың көркеюі мен нығаюына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ғұлама ғалым.
Халықтың талап-тілегіне серпін беру үшін азаматтық ар-намысы терең парасатымен ұштасқан ғалым Телғожа аға қазақ жеріндегі тарихи атауларды қалпына келтіру, заманы өтіп, ескірген атауларды өзгерту, жаңа атаулармен алмастыру, жер-су аттарын реттеу ісіне құлшыныспен белсене қатысып, 1989 жылы ақпан айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумына географиялық атаулар комиссиясы жұмысының тұралап қалуын айта отырып, оның орнына Мемлекеттік ономастика комиссиясын құру туралы ой қозғап, дәйекті хат жазады. Осыдан соң 1989 жылғы 30 қарашада Жоғарғы Кеңестің тұрақты комиссиясының мәжілісінде ғалым үлкен баяндама жасап, қызу талқылаудан соң Министрлер кеңесі жанынан Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру туралы шешім қабылданады. Ел тағдырына сергек қарайтын сұңғыла ғалым Үкімет қаулысы бойынша 1990 жылдан осы комиссияның ғалым хатшысы (1990-1998), мүшесі (1999-2003) ретінде қоғамдық негізде қыруар жұмыс атқарып, баянды бастамаларға ұйытқы болады. Сөйтіп Ономастикалық комиссияның алғашқы ережесін жазды. Бұдан соң академик Әбдуәли Қайдармен бірлесе отырып «Республикадағы Мемлекеттік және әкімшілік бірлестіктердің атауларын реттеудің, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихи, географиялық атауларын қалпына келтірудің Тұжырымдамасын» әзірлеп, қордаланған мәселенің оңтайлы шешілуіне жол ашады («Социалистік Қазақстан», 1991, 20 қыркүйек). Осыдан кейін ғалымдарымыздың «Қазақстан Республикасында қазақ азаматтарының есімдері мен әке аттарын және фамилияларын реттеу туралы Тұжырымдамасы» жарияланды. Осы Тұжырымдаманың негізінде 1996 жылы 2 сәуірде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығы шығып, жұртты қуантады. Бүгінде кісілігі мен кішіпейілдігі жарасқан, кеудесін қақпай, үндемей жүріп үлкен іс тындыратын парасатты ғалым Телғожа ағамыз ұйытқы болған бұл құжат Әділет министрлігінің Азаматтық хал актілері орындарында, күллі заң орындарында, білім беру, баспасөз орындарында бұлжытпай орындалатын басты құрал болып келеді. Бұл Тұжырымдамалар Мемлекеттік ономастика комиссиясының жұмысын да бағдарлап отыратын негізгі құжаттар саналады.
Ономастика – қай заманда да күнтәртібінен түспей көкейкесті өткірлігімен назар аудартып, елдің қоғамдық-саяси, тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-экономикалық әрі мәдени-әлеуметтік арналарымен тығыз ұштасып жататын күрделі һәм жауапкершілігі терең кешенді сала. «Жер-судың аты – тарихтың хаты» де қанатты сөз тіл білімінің сардары Т.Жанұзақтың іргелі ғылыми еңбектерінің терең мазмұнына арналып айтылғандай. Отандық ономастика ғылымының негізін салушылардың бірі ретінде көрнекті ғалым Т.Жанұзақтың ғұмыр бойы табандылықпен зерттеу нысанына айналдырған таңғажайып жұмыстары – осы саланы жеке ғылыми пән ретінде бой көтеріп өркен жаюына зор үлес болуымен бірге қазақ халқының сан ғасырдан бері мекендеп келген атамекенінің әрбір өлкесінің, өзен-бұлағының қасиетті атаулары көне түркі, арғы ғұн, сақ дәуірімен тамырлас екенін тайға басқан таңбадай жарқыратып дәйекті де дәлелдеуімен маңызды құндылыққа ие. Қара шаңырақ Алтай-Ертістен қазыналы Орал-Еділге шейінгі, ақбас Алатаудан сағымды Сарыарқаға дейінгі алып даланың жер шежіресі сонау есте жоқ ескі заманнан бері халқымыздың тіл шежіресімен қабат өрілгенін тиянақты зерттеуі қазақ елінің қазыналы тарихқа, кең байтақ атажұртқа ежелден ие екендігін айғақтаған ғылыми негізі берік өрелі байламдар деуге әбден болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласындағы «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген» деген тұжырымдамасына ғалымның құнарлы ой-пікірлері үн қосып тұрғандай.
Қашан көрсеңіз де байсалды мінез, биязы қалпынан айнымайтын дегдар тұлғаның мол пішілген азаматтық кесек болмысы, дегеніне жетпей қоймайтын қайрат-жігері, төңірегіне шуақ шашқан бауырмалдық пейілі – дарқан даламыздан, жайсаң бабамыздан жұққан асыл қасиеттер. Сонау алыс ғасырлар керуенінде құландай жосып Карпат асып, Мажарстанға қоныстанған қыпшақ бауырлармен алғаш байланыс жасап, олардың атажұртты аңсаған өкілін үйінің төріне шығарып, дастарқанынан дәм татқызу бақыты да ағамыздың пешенесіне бұйырыпты. Телғожа аға 1971 жылы 27 көкекте, Мажарстанның әйгілі шығыстанушысы Немет Дьюледен хат алады. Ол хатта мажар мен қазақтың арғы байланысына тоқталған көрнекті мажар ғалымы ежелгі қыпшақтардың Еуропадағы ұрпақтары әлі де атажұртты сағынатынын айтып, достық байланыстарды жаңғырту керектігі туралы пікір білдіреді. Содан кейін 1976 жылы 17 қыркүйекте Иштван Қоңыр Мандокиден сағынышқа толы сәлем хат келіп, XIII ғасырда кеткенімен қыпшақ-құман ұланының дала жусанын сағынғандай әсері ақ қағазда өрнектеледі. Ақыры бұл аманат-арзу орындалып, ҚР ҰҒА Тіл білімі институтының директоры, академик І.Кеңесбаев бастаған азаматтардың қолдауымен Иштван Мандоки Қоңырға шақыру жіберіліп, 1976 жылы қараша айында Телғожа ағамыз Нарима Исмайылқызы жеңгеймен бірге қандас бауырын әуежайда күтіп алып, шаңырағына қонақ етеді. Түмен ғасырдан кейін алғаш қазақ баласының табалдырығын аттаған түрколог Иштван Мандоки Қоңырдың жүрегі жарыла жаздап қуанып, алыстағы ағайындардың дұғай сәлемін жеткізіп, бабажұртқа кіндігі қайтадан берік байланады. Қоңырдың анасының арнайы сәлемдеме ретінде ырымдап өз қолымен тігіп берген кестелі орамал шаршы тәберегі Телғожа Жанұзақ шаңырағында киелі мұра ретінде көздің қарашығындай әлі сақтаулы тұруы ғалымның түгел түркінің баласына деген құрметінің куәсі сынды. Бүгіндері Немет Дьюле, Иштван Мандоки Қоңыр бастаған арыстардың арманы жүзеге асып, Қазақстан мен Мажарстанның ынтымақтастығы жаңғырып жаңа белеске көтерілсе, сол достықтың алтын дәнекері болған асыл бастауында осындай парасатты жандардың ақ ниеті мен алғыс-батасы жатқаны айдан анық.
Тәуелсіз мемлекетіміздің стратегиялық мүддесіне, отарсыздандыру мен тарихи әділетті қалпына келтіруге бағытталған ғалымның табанды рухани қызметі, ономастика ғылымы саласына тірек болар іргелі де күрделі том-том еңбектердің әрбірінің жазылу баяны, тіл білімі сардарының қалыптасу арнасы, шыңдалу жолы, күдірлі соқпақтары – жас буын ұрпаққа мәңгі өнеге, адаспас бағдар.
Бүгінде тоқсанның төртіне шыққан түрколог ғалым 1927 жылы 15 шілдеде Алматы облысының Райымбек ауданындағы Нарынқол ауылында дүниеге келген. 1947-1951 жылдары Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде білім алады. Оның 1951 жылдан бергі ғылымдағы өмірі Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында, кейіннен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қарашаңырағында өтіп келеді. Ғалымның қазақ тіл білімінің дамуына қосқан үлесі мен сіңірген еңбегін жарық көрген ірілі-кішілі 475 еңбегінен айқын көруге болады. Олар қазақ тіл білімінің лексикология, лексикография, терминология, ономастика, орфография және халық ауыз әдебиеті мен аударма мәселелеріне арналған. Осы еңбектердің өзі ішінара бірнеше тармаққа бөлінеді. Олар: ғылыми-зерттеу, іздену нәтижесіндегі монографиялар мен кітаптар; ғылымды насихаттау барысындағы түрлі конференциялар мен халықаралық конгрестердегі баяндамалар мен басылымдар; мемлекеттік тілді үйренуге, меңгеруге арналған еңбектер; іс қағаздары мен қоғамдық орындарда ономастикалық материалдарды мемлекеттік тілде, әдеби нормада жазып қолдануға арналған еңбектер, сөздіктер, анықтамалықтар; білім беру жүйесіне қажетті оқу құралдары мен әдістемелік бағдарламалар; ономастикалық нұсқаулықтар, инструкция мен ережелер, ономастикалық анықтамалар; халық тілінің байлығын паш ететін ұлттық түсіндірме сөздіктер; фольклор және аударма еңбектер.
Ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыстарының алқапты арнасы – қазақ ономастикасы. Телғожа ағаның осы салада жазған «Қазақ тіліндегі жалқы есімдер», «Қазақ есімдерінің тарихы», «Есімдер сыры. Тайны имен», «Основные проблемы ономастики казахского языка», «Қазақстан географиялық атаулары. Алматы облысы», «Қазақ ономастикасы. Казахская ономастика» сияқты еңбектерінің маңызы аса зор. Әсіресе «Сіздің есіміңіз?», «Қазақ есімдері», «Қазақстан Республикасының топонимдері. Топонимия Республики Казахстан» деген кітаптары – әр үйдің кітап сөресінде, төлқұжат беру органдары мен азаматтық хал-актілерін тіркеу мекемелерінде, ал «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктер атаулары» атты кейінірек жарық көрген ұжымдық еңбектерінің мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде кеңінен пайдаланылатын маңызы аса зор, ұлттық мүддеге қажетті құрал.
Көрнекті ғалымның шежіреге де үлес қосып, сонау V-VІІІ ғ.ғ. тән көне түркі жазба ескерткіштерінде айтылған Үйсін, Арғын, Қыпшақ атауларынан бастап ұлттық атауымыз «қазақ» этноатауы, сондай-ақ жүз, Қаңлы, Дулат, Жалайыр, Албан, Суан, Қоңырат, Найман, Керей, Алшын, Адай, Беріш, Табын, Абдалы т.б. атаулар тарихы, олардың этимологиясы туралы жасаған талдаулары да көпке мәлім.
Профессор Т.Жанұзақтың қазақ ономастикасының тағы бір тармағы космонимдердің – Аспан атауларының өткен тарихы мен бүгінін, оның халық өмірімен тығыз сабақтастығын, қоғамдық мән-маңызын ашатын, әл-Фараби еңбегінен бастап қазіргі астроном ғалымдар еңбегіне сүйене отырып жүргізген ғылыми талдаулары оқырманды қызықтырмай қоймайтын тартымды туындылар.
Ғұлама ғалымның ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі саласының бірі – лексикография (сөздік). Көпірме көбік сөзден ада, құм санағандай михнатты, дәлдік пен дәйекті ғана тірек ететін сөздік жасау ісі – ежелден табанды һәм қайратты, нағыз елжанды ғалымдарымыздың қолынан ғана келген рухани ерлік. Сөздік – тіл байлығының алтын сандығы. Тіл біліміндегі жұмыстардың ең қиыны да, ауыры да лексикография – сөздік жасау. Әсіресе түсіндірме сөздік жасау ісі. Телғожа Жанұзақтың бұл саладағы өлшеусіз еңбегін төрт топқа бөліп қарауға болады. Ол осы топтар бойынша жарыққа шыққан сөздіктердің басты авторларының бірі, редакциялық алқа мүшесі, кейбірінің жауапты редакторы, сарапшысы болса, бірқатарының жалпы редакциясын басқарады.
Бірінші топ – «Лингвистикалық терминдердің орысша-қазақша сөздіктері. Екінші топ – жазушы тілінің сөздігі. Осы орайда ғалым қатысқан «Абай тілінің сөздігі» еңбегін айрықша айтуға болады. Үшінші топ – тұңғыш рет жарық көрген екі томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», бір томдық «Қазақ тілінің сөздігі». Он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» (авторларының бірі, Бас ред. алқа мүшесі). Төртінші топ – ономастикалық сөздіктер. Олар: «Кісі аттарының сөздігі», «Словарь имен у народов мира», «Kazak türklerinde kişi adları». Ankara; Топонимиялық сөздіктер: «Жезқазған облысы», «Ақмола облысы», «Батыс Қазақстан облысы», «Алматы облысы», «Жамбыл облысы», «Маңғыстау облысы», «Шығыс Қазақстан облысы», «Қазақстан Республикасының топонимдері». «Жеріңнің аты – еліңнің хаты». Сондай-ақ ол «Қазақ тілінің сөздігі» еңбегінің жалпы редакциясын басқарды. Бұдан бөлек ғалым он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» әзірлеуге атсалысып, жалпы көлемі отыз үш баспа табақ зерттеу жазып, бір томның редакторы және Бас редакцияның алқа мүшесі болды.
Ғалым 2007-2017 жылдары, яғни 80 жылдық мерейтойынан кейінгі он жыл ішінде де өнімді еңбек етеді. Осы жуық жылдарда жарық көрген кітаптар соның айғағы: «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақ ономастикасы. Топонимика», «Тарихи жер-су аттарының түптөркіні», «Жер-су атаулары. Этимологиялық анықтамалық», «Ғылым жолындағы ғұмыр», «Қазақ есімдері. Анықтамалық» (жауапты редактор), «Жер-су атаулары. Анықтамалық» (жауапты редактор). Бұған қоса «Этимология древних топонимов Казахстана» және «Қазақстан Республикасы әкімшілік аумақтық бірліктер атаулары» атты қос тілде жарық көрген ұжымдық анықтамалық та кейінгі жылдардағы қажырлы еңбектің жемісі деп білеміз. Ғалым ұстазы профессор С.Аманжоловпен бірлесіп «Қазақ жұмбақтары» атты көлемді кітапты жарыққа шығарды. Бұдан кейін «Қазақ әдебиетінің тарихы» және «История казахской литературы» атты еңбектерде ғалымның «Қазақ жұмбақтары» туралы ғылыми-зерттеу еңбектері жарияланды.
Телғожа аға аударма саласында да қалам тартқан еңбекқор тәржімашы. Ол В.Бианкидің «Алғашқы аңшылық» және А.Куприннің әңгімелерін тартымды тәржімелеп, дарынды жазушы, інісі Баққожа Мұқаймен бірге «Рихард Зорге» деректі романын аударып жарыққа шығарды.
Хантәңірдің саясында бүрлеген бәйтеректей Жанұзақ әулеті – қазақ руханиятына үлкен үлес қосқан киелі шаңырақ. Телғожа ағаның інісі «Правда» газетінің Қазақстан бойынша меншікті тілшісі Тельман Жанұзақов ақиқаттың семсеріндей аңыз азамат, құрыш қалам иесі болған. Тағы бір дарынды інісі Баққожа Мұқай қазақ прозасы мен драматургиясына олжа салған қыран қаламгер болса, туған жиені Ермек Тұрсынов кино саласының майталман маманы.
Телғожа ағаның өмір өткелектеріне зер салсақ, аталардың ақ батасымен көгерген, інілеріне ізетті, жолы даңғыл, құшағы кең марғасқа азамат болғаны байқалады. Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың ғалымға жазған мынау хаты осы шаңырақтың бойтұмары сынды: «Көптен бері көре алмай, сағынған асыл інішек, Телеке! Ауруханада қиын халде жатқанымда Сіздің хатыңыз маған үлкен қуаныш әкеліп, нақтылы ем қызметін атқарып, жаңа дәрмен қосты. Соның арқасында тез сауығып, үйге қайттым, үзілген жұмысқа кірістім, алдымен осы хатты жазып шықтым. Хат үстінде ардақты халқымның «Інісі бардың тынысы бар» деген дана сөзі еске жаңаша қайта оралды. Хатыңыздан байқағаным, ерінбей көп творчестволық еңбек етіпсіз. Ол үшін Сізге мың да бір рақмет! Халық алдында толық жауапкершілік пен тиянақтылық қызмет атқару барлық адамдарда бола бермейді. Ізденіс, еңбекқорлық – тек нағыз азаматқа ғана тән қасиет. Қарт ағаңыздың шын тілегі осы қасиет сізге дайымы қыдырдай серік болсын! Сәлеммен Н.Оңдасынов.Москва, 24.5.87»
Қазақ тіл білімінің қатепті қара нары, көрнекті ғалымның қазақ ономастикасы саласындағы ұзақ жылдар жүргізген зерттеулері тәуелсіз еліміздің мәңгілік мүддесіне қызмет етуі – оның ғылыми шығармашылығының өзекті де өміршең екендігін көрсетеді. Тоқсаннан асса да қаламы тоқтамай, ана тіліміздің мәртебесінің асқақ, абыройының биік болуына қажырлы тер төгіп келе жатқан парасатты ғалымның еңбектері ұлт руханиятына құнарлы нәрін төге беретініне сенеміз.