- Негізгі бет
- Тұлға
- Нұрсұлтан Кенжебайұлы: "Бауыржан...
Нұрсұлтан Кенжебайұлы: "Бауыржан Момышұлы – қазіргі жастардың идеалы, кумирі"
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қызметін, әскери кәсіпті танымал ету және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында Қазақстан Республикасы Әскери әуе күштері 30153 әскери бөлімінің аға сержанты Нұрсұлтан Құттымұратовпен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы сөйлескенді жөн көрдік.
Нұрсұлтан Құттымұратов 1992 жылы 17 қаңтарда туған. Қоян-қолтық жекпе-жектен әскери бөлімдер арасында жүлдегер.
– Нұрсұлтан, сен әскери адамсың, Бауыржан Момышұлы есімімен қашан таныс болдың? Жалпы, Бауыржан Момышұлының есімін бәрі біледі, мен бұл жерде онымен шын таныстығыңды айтып отырмын.
Жалпы, мектеп қабырғасында "Москва үшін шайқас" романының үзіндісін оқығанбыз. Жеңіс күні қарсаңында ол туралы түсілген фильмдерді көретінбіз. Мен 2012 жылдан бері әскери салада қызмет етіп келемін. Алғаш әскери салаға бет бұрғаннан бастап Бауыржан Момышұлы есімімен жақын таныса бастадым. Арнайы кітаптарын сатып алып оқыдым. Қай салада болса да маманның өзі үлгі тұтатын адамы болады. Менің кумирім Бауыржан Момышұлы болды. Сол кісіге ұқсауға, сол кісінің жақсы қасиеттерін алуға тырысып келемін. Бауыржан Момышұлы қазіргі жастардың идеалы, кумирі десем артық айтқаным емес.
– "Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі", - дейді атақты сардар. Әскери адам ретінде Бауыржан Момышұлыдан не үйрендің?
– Бауыржан Момышұлының шығармаларын оқу арқылы мен Отан деген ұғымның қандай ыстық екенін, Отанды сүюдің өзі Отанға қызмет ету екенін үйрендім. Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлерге қойған талаптарын оқу арқылы, сен де әскери салада тәртіпті қатаң ұстауға, қол астыңдағы жауынгерлердің ширақ, жинақы болуына аса мән бересің. Жалпы, командир "бос белбеу" болмауы керек. Бауыржан атамыз: "Командирдің айтқан сөзі айқын, берген бұйрығы нақ болуы керек. Жауынгер командир сөзінің болбыр болғанын ұнатпайды. Өйткені, жауынгер командирден бұйрық қана емес, сол бұйрықты орындайтын жігерді қоса алуы керек" дейді. Сондықтан мен жаман сарбаз болмауға әрқашан тырысамын. Мысалы, Бауыржан атамыз соғыста жараланғанда санбатқа жеткізіледі. Дәрігерлер оны дереу госпитальға апару керек дейді. Бірақ ол тапаншамен дәрігерді қорқытып, оқты сол жерде шығаруды бұйырады. Оқты алып, жараны таңғаннан кейін капитан Бауыржан Момышұлы ұрыс алаңына қайта оралады. Мұның аты – Отан алдындағы борышыңды, қол астыңдағы жауынгерлер алдындағы жауапкершілігіңді сезіну деп аталады. "Өлімнен ұят күшті" деген осы болса керек. Жалпы, Бауыржан атамыздың соғыстағы ерліктеріне қарап сен де тәрбиеленеді екенсің.
– Даңқты қолбасшы соғыстан кейін де қаруын қаламға айырбастап, әдебиет майданында атой салып, соғыс тақырыбындағы бірнеше шығармалар жазды. Сен оның қандай шығармаларын оқыдың?
Бауыржан атамыздың басқа соғыс тақырыбында жазатын жазушылардан айырмашылығы – ол соғыстың қан майданында болған әскери қолбасшы. Шындықты, өз басынан өткізген оқиғаларды жазып отырғаннан кейін барлық шығармасында автор әңгімені бірінші жақтан баяндайды. Бауыржан Момышұлының шығармалары осынысымен де қызықты. Қалай ішіне кіріп кеткеніңді байқамай қаласың.
Бала күнімнен журналистердің атақты сардарға барып сұхбат ала алмай кеткені туралы аңызды естіп өстім. Осы әскери салаға келгеннен соң алғаш рет "Ақиқат пен аңыз" кітабын сатып алдым. Шығармаға қызыққаным сонша 2-3 рет қайталап оқыдым. Бұдан бөлек, атамыздың "Ұшқан ұя", "Арпалыс", "Москва үшін шайқас", "Алыстан сәлем жолдаймын" атты шығармаларымен таныспын. Бауыржан Момышұлының шығармалары қолжетімді деп айтпас едім. Мен кітап дүкендеріне барған сайын ол кісінің кітаптарын сұраймын. Көбіне "жоқ" деген жауап аламын. Алдағы уақытта өзім оқымаған кітаптарын сатып алып оқып шығу ойда бар.
– Әскери салада Бауыржан Момышұлы қаншалықты насихатталады? Мысалы Жапония сияқты дамыған елдерде әскерилер Бауыржан Момышұлының "Соғыс психологиясы" атты кітабынан мемлекеттік емтихан тапсырады.
– Мен енді өз басымнан өткен оқиғаны айтайын. Ең бірінші, әскери борышыңды өтеуге келгенде 40 күн бойы дайындайды. Командирлеріміз батырлар жырын айтады, ата-бабамыздың ерлік істерін үлгі етеді. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин тағы басқаларды жас сарбаздарға насихаттайды. Соның ішінде батыр Бауыржанның ерлік істері, оның соғыста жүріп 5 рет қоршауда қалғаны, сол қоршаудан аз шығынмен шыға білгені айрықша айтылады. Соғыста 207 рет шабуылға шығып, бірнеше рет жараланып тірі қалғаны, қоғам алдындағы өз парызын терең түсінгені насихатталады. Осы арқылы командирлер жас сарбаздың патриоттық сезімін оятады. Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанада: "Жастардың Отан қорғау қызметін атқарып қайтуы – адамгершіліктің ең асыл парызы. Әскерде басбұзарлыққа орын жоқ. Өйткені, оның қолында елдің тағдыры – қуатты техника бар. Ал жауынгердің ол техниканы тастап қыдырып, қыз қуалап, арақ аңдып, қаңғып кетуіне болмайды". Міне, Отан алдындағы борышын өтеуге келген жас сарбаз алдымен осыны сезінуі керек. Бауыржан Момышұлының ерлік істерінен бөлек осындай қанатты сөздері де әскери салада насихатталады.
Бауыржан Момышұлы әскери психологияны жақсы білетін, стратег, тактик, нағыз қолбасшылық қасиетке ие тұлға болды. Егер, жас сарбаздар мұндай тұлғадан үлгі алып, Отан алдындағы борышын өтеуге барса, ондай сарбаздан жаман жауынгер шықпайды деп ойлаймын.
– Әңгімеңе рахмет!
Т. Раушанұлы