- Негізгі бет
- Тұлға
- Мен үшін намыс...
Мен үшін намыс бірінші орында – ER-BATYR жобасында Еркебұлан Дайыров
ER-BATYR жобасында – танымал актер Еркебұлан Дайыров. Ол Тимур Балымбетовпен сұхбат барысында дарынды жастарды қолдау, қазақы тәрбиенің тұлғаның дамуына әсері, неліктен ол үшін намыс бірінші орында екені, сондай-ақ Айсұлтан Сеитовпен жұмыс істегендегі әсері туралы айтып берді. Жаңа шығарылымды ER-BATYR YouTube-арнасынан көре аласыздар.
Жоба ұйымдастырушылары – Alash Media Group медиахолдингі және Montessori Qazaqstan қоғамдық қоры. Ақпараттық серіктестер – "Жетінші арна", Vostok FM радиоарнасы және "ВКонтакте" әлеуметтік желісі. Жобаның серіктесі – Altel ұялы байланыс операторы.
Еркебұлан жас режиссер Айсұлтан Сеитовтің "Қаш" жобасында алған әсері туралы айтып берді.
Айсұлтан туралы заманауи тілмен айтатын болсақ, ол – "мегамозг". Ризамын, жас болса да білмейтін бәлесі жоқ. Өзіне керек дүниені, субординация, адам сыйлау, ең бастысы содан басталатын сияқты, ең бастысы сол. Түсірілім алаңындағы актерға режиссердің көзқарасы, сол нәрседен бірінші шабыт аласың. Айсұлтанның қойған талабы біреу емес, бірнешеуі болады, бір дубльдің өзіне. Кішкентай сахнаның өзіне бірнеше нұсқасын айтады. Бір сөзбен айтқанда, Құдайға шүкір, мен қуанамын, қазақта осындай білімді, талантты, білікті жастардың өсіп келе жатқанына. Қос қолдан қолдаймын, қолымнан келгенше көмектесемін, – дейді актер.
Сонымен қатар, актер әкесі айтып кеткен маңызды өсиетті бөлісті.
"Құдай бет алған жағыңнан бақ берсін" дейтін. Бұл ең керемет батасы және бұл батасының теріс кеткенін көрген емеспін. Бұл батасын алған бір баласының жаман болғанын көрген емеспін. Одан кейін, "Өліп кетсең де өтірік айтпа", "Досыңа адал бол" дейтін. Себебі өзінің досы көп еді. Осындай керемет сөздері болды", – дейді Еркебұлан.
Актердің сөзінше, ең дұрыс тәрбие – қазақы тәрбие.
Қазақы тәрбиенің аясы кең, түсінігі кең. Ең бірінші – тілін білу, үлкенді сыйлау, тегін білу – осы үш нәрсені білген қыз, менің түсінігімде, ата-анасын ұятқа қалдырмайды. Иман деген сол емес пе? "Иманды қыз екен" дейді. Мысалы Зейнеп апамыз, Бопайлардың, Домалақ аналарды қарасаңыз, таңғалатын ештеңе жоқ. Барлығы қарапайым, біздің дәстүрімізге, дінімізбен ұштасып жатқан дүние. Кәдімгі даланың тәрбиесі, – дейді ол.
Жоба қонағы ол үшін бірінші орында намыс екенін айтады.
"Мен үшін намыс бірінші орында. Өйткені ол намыстың артында менің тарихым, әулетім, ата-бабам жатыр. Ол маған келгенде үзілмеуі керек. Мен келесі ұрпаққа дұрыстап беріп жіберуім керек. Сонда сен "қазақ" деген атқа лайық боласың. Еліңнің мәдениетін, рухын, құндылығын сақтадың деген сөз", – дейді спикер.
ER-BATYR – ер адамдарға арналған ерлер туралы, ер адамның қоғамдағы ролі, оларға артылған жауапкершілік пен саналы ер адамның отбасының және қоғамның дамуына қосатын үлесі жайлы жоба. Жоба аясында танымал кәсіпкерлер, спортсмендер, түрлі мамандық иелері өмір құндылықтары, жанұясының тұрмыс-салты, сондай-ақ ер адамның отбасындағы және қоғамдағы ролі туралы айтады.
Бұған дейін жоба қонақтары футболшылар Давид Лория мен Самат Смақов, актерлер Тәуекел Мүсілім мен Санжар Мәди, шоумен және тележүргізуші Марат Оралғазин, коммуникация бойынша маман Әлішер Елікбаев, "Фридом Финанс" компаниясының бас директоры Тимур Турлов, кәсіпкер Райымбек Баталов, медиамагнат Арманжан Байтасов, Asar-ume қайырымдылық қорының негізін қалаушы Асхат Нұрмашев, сондай-ақ "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев болған.
Жобаның барлық шығарылымын ER-BATYR YouTube-арнасынан қараңыздар. Жобаның Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы – erbatyrkz.
Қ. Слямбек