Бүгін Қазақстанның тәуелсіз ел болып қалыптасуына үлес қосқан, қайталанбас тұлға Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Осы орайда мемлекет қайраткерінің өмір тарихынан сыр шертетін мағлұмат беріп, сындарлы сағатта елі үшін атқарған ізгі ісі туралы дерек ұсынамыз.
Қонаев ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарды. Ол жауапты басшылық қызметте жүріп, республикадағы тау-кен ісін дамытуға қомақты үлес қосты. Билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылыққа толы болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік жағдайын, ғылыми сфераларын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ.
Дінмұхамед Қонаев туралы қызықты деректер:
♦ Ол жастайынан тау-кен инженері болуды армандаған
♦ Қонаев басқа үйге көшкенде пәтерін өзінің кадрлық саясатын қатты сынап жүрген жазушы Әлжаппар Әбішевке сыйға тартып кеткен.
♦ Ұлт қайраткері тұңғыш қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбаевты бала күнінен ерекше құрмет тұтқан.
♦ Дінмұхамед Қонаев ұзақ жыл қызметтен кейін зейнетке шыққан шағында визитка жасатқан екен. Осы кішкене төртбұрышты қағазға аты-жөні мен "тау-кен инженері" екенін ғана жаздырған.
♦ Министрлер кеңесінің төрағасы болғанда Қонаев академик атағы үшін өзіне төленетін 340 сом шамасындағы ақыдан бас тартқанын білеміз. Бұл ақшаны ол балалар мен жас ғалымдарға көмектесу мақсатында жұмсауға бұйырды.
♦ Тіпті ҚазКСР бірінші хатшысына да телефонмен дауыс көтеріп сөйлеуге рұқсат берілмеген.
♦ Алпысыншы жылдардың басында Н.Хрущевтің өктемдігімен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін Қонаев қайтарып алған.
♦ Қонаев өте қарапайым, жұмысқа жаяу баратын, күзетшісіз жүретін ел басшысы болған.
♦ Ел басқарған тұста журналистермен кездесуге шектеу қойған. Мысалы, Қонаевтан сұхбат ала алмай кеткен тілшілердің қатарында BBC, Washington Post сынды ақпарат құралдарының өкілдері бар.
♦ Байырғы ата-бабасындай аңшылыққа қызыққан ол қарапайым 200 шаршы метр үйде тұрған. Тіпті, Брежнев келіп, үйін аралап, "барың осы ма" деп таң қалған екен.
Алматыны қазіргі заманғы көрікті қалаға айналдыруға көп күш жұмсады. Мұнда Республика сарайы, ҚазМУ қалашығы, Арасан сауықтыру орталығы, Медеу спорт кешені сияқты ірі ғимараттар бой көтерді.
Ол Қазақстанда неміс автономиясын құру, Маңғыстауды Түрікменстанға беру жөніндегі Орталықтың ұсыныс-жоспарларына қарсы шықты. Бірнеше мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. КОКП-ның XIX съезінен бастап кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент пен партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болды.
Еңбек жолы:
♦ 1936 жылы – Институтты ойдағыдай бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алған Д.Қонаев 1937-1939 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болды.
♦ 1939 жылы – Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түсіп, “Алтайполиметалл” комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын-мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі – Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарды.
♦ 1939 жылы – КОКП мүшелігіне қабылданды.
♦ 1942-1952 жылдары – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етті.
♦ 1955-1960 жылдары - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды.
♦ 1960-1986 жылдары – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарды.
♦ 1986 жылы 16 желтоқсан күні – Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан алынып, орнына Колбин тағайындалды. Бұған наразы болған қазақ жастары Желтоқсан көтерілісіне шықты.
♦ 1987 жылы – маусымдағы пленумда Д.А.Қонаев «Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы болғанда республика партия ұйымын басқарудағы жіберген қателіктері үшін» деген сылтаумен КОКП мүшелігінен босатылды.
Ұлт тарихын зерделеуде кейінгі өскелең ұрпаққа ата тарихымыз бен оны жасаушы тұлғалар туралы, олардың артында қалған мұрасы мен келелі ой-тұжырымдарын зерттеп-жеткізу, ұлт перзенттерін ұлықтау — абыройлы парыз. Қазақ зиялы қауымының өкілдері біздің қоғамымызда шоқ жұлдыздай жарық шоғырын құрайды.
Үнемі үрдістік дамуға ұмтылып отыратын қоғамның тынысына өздерінің ой-интеллектісімен, нақты тұжырымдарымен ықпал ететін, оның алар бағытына да әсер ете алатын негізгі күш — зиялылар қауымы. Сондықтан да зиялы қауым өкілінің тарихын зерттеу, олардың ғылым мен қоғамдағы алар орны, оған қосқан үлесін саралай отырып сараптау, тағылымдық жақтарын ашып көрсету, бағалау маңызды міндеттердің бірі.
Д.А.Қонаев есімі берілген жерлер:
♦ Алматы қаласында ескерткіш – бюст.
♦ Астана және Алматы қалаларында – көшелер.
♦ Үлкен Алматы каналы.
♦ Орал қаласында – шағын аудан.
♦ Тараз қаласында – орталық көше және бюст.
♦ Талдықорғанда – көше, сәулетті кешен және бір жоғарғы оқу орны.
♦ Алматы қаласында – жекеменшік университет.
♦ Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында – орталық көше.
♦ 1992 жылы Алматыда Халықаралық Қонаев қоры құрылды.
1994 жылы – Алматы қаласында Д.А.Қонаевтың мұражайы ашылды.
♦ Шымкент қаласында – орталық гүлзәр және сол гүлзәр бойында мұражай.