ХХ ғасыр Қазақстан үшін ағарту мен мәдениет, техника мен технологияның, білім мен өнердің өркендеген дәуірі, жаңа индустрия әлеміне жол бастаған кезең болды. Мұның бәрі халқымыздың қалыптасуы мен білім жолында қанат қағуына үлкен әсерін тигізді.
Заманауи ілім мен білімді үйренген жандар көбейді. Қазақтан бірнеше білімді тұлғалар шыға бастады. Солардың бірі, еуропалық өлшеммен алғанда, қазақтан шыққан тұңғыш сәулетші, бас сәулеткер – Төлеу Бәсенов еді. Атақты Көтібар батырдың ұрпағы, ХІХ ғасырда ұлт-азаттық көтеріліс ұйымдастырған Есет Көтібарұлының немере інісі.
1909 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген тұңғыш архитектор 1933 жылы Санкт-Петербург қаласындағы Азаматтық инженерлер институтын тәмамдайды. Архитектор-құрылысшы мамандығын оқиды. Жоғары оқу орнында математика пәнін елден оқ бойы алда болып, озат оқыған екен. Институт оқытушылары Төлеудің қабілетіне, біліміне сүйсініп, басқаларға үлгі етеді екен.
Жамбылда, Алматыда, Қырғызстанда қызмет етеді.
1937 жылдан 1941 жылға дейін Алматы қаласының бас архитекторы, 1944 жылдан 1954 жылға дейін Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанындағы архитекторлар басқармасының басшысы, 1958-1976 жылдар аралығында Құрылыс істер жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
Төлеу Құлшыманұлы Алматы қаласының бас жоспарын, Мәскеудегі халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі Қазақстан павилионын, Алматыдағы Достық даңғылының бас жобасын, Алматы әуежайының 1-кешенін, Қазақ опера және балет театрының үйін, Амангелді ескерткішінің архитектуралық жоспарын жасады. 1973-1976 жылдары Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мемориал кешенін қайта жаңғыртуға ат салысқан.
Тұңғыш сәулетші Батыс Қазақстандағы архитектуралық ескерткіштерін зерттеп, ерекшеліктеріне ғылыми талдау жасады. Бірнеше кітап жазған. Атап айтқанда, "Қазақстанның қолөнері", "Қожа Ахмет Яссауи кешені", "Тас ақырдың бітпей қалған құрылысы", "Сам ауданындағы сәулет ескерткіштері", "Қазақ ССР-інің архитектура және бейнелеу өнері", "Архитектурадағы қазақ ою-өрнегі", "Халықтың ою-өрнегі" атты еңбектері қазақ сәулет өнерінің теориялық, шығармашылық негізіне айналды.
1950 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, КСРО Архитектура акамедиясының корреспондент мүшесі атақтары берілді.
Қазақстандағы архитектуралық мектептің негізін салған. Архитектура саласындағы ғалым ұстаздың бірі болды. Алматыда оның атына арнап қойылған көше атауы бар.