"Қараңғы түнде тау қалғып..." әнін неміске жеткізген кім?

"Қараңғы түнде тау қалғып..." әнін неміске жеткізген кім?

"Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейінің қорында Абай тұтынған заттар, қолжазбалар, суреттер, сол заманнан көрініс беретін құнды жәдігерлер орын алғаны белгілі. Сонымен қатар Елбасынан, Абай ұрпақтарынан және басқа да музей жанашырынан келген сыйлар музей төрінде тұр.

Белгілі жазушы, драматург, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмұқан Исабаев Абай мен Гете арасындағы рухани байланысты тереңнен зерттеп, хакімнің шығармаларын неміс халқына жеткізгендігін біреу білсе, біреу білмейді. Ал Гете музейінен жәдігерлер алып келгенін естіп пе едіңіз?

Қалмұқан Исабаев Павлодар облысының Баянауыл өңірінде туған. 1943 жылдың қаңтарында 10-сыныпта оқып жүргенде Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, сұрапыл соғысты бастан кешеді.

Түрікменстанның Карке қаласында 1195-атқыштар полкінің взвод командирі қызметінде жүрген уақытында, 1948 жылдың қазанында Германиядағы 20-механикаландырылған полктің взвод командирін ауыстыруға бұйрық келіп, "Бұл қызметке бір қазақ керек болған екен, ол таңдауға мен іліккен болсам, шегінерге не бар" деген оймен сол жаққа аттанады.

Гететанушылардың айғақтауынша, Абай тәржімалаған "Қараңғы түнде тау қалғып..." өлеңінің неміс тіліндегі түпнұсқасын, яғни "Түнгі кезбенің әнін" ұлы ақын сол күні кеште мұнартқан Тюрингия қыраттарына қарап тұрып, есікке жазыпты. Музейдегі Гете "Түнгі кезбенің әнін" алғаш жазған есік тарихи мүлік саналады.

Ильменау жерінде алғаш Гете музейіне барғанда Абай аудармасын тасқа жазып, салтанатты есік жанына қағуды армандап кеткен жазушы Қалмұқан Исабаевтың белсенді қызметінің арқасында, Абайдың "Қараңғы түнде тау қалғып" өлеңі қашалған мәрмәр тақта 1979 жылы 22 шілдеде Қазақстаннан Габельбах музейіне жеткізіліп, салтанатты жағдайда аталмыш есіктің жанына орнатылды. Сол уақыттан бастап музейге келген шетелдік қонақтарды Абай әнімен қарсы алу дәстүрге айналған. 1980 жылы Қ.Исабаев Гете музейіне өзі салған Абайдың бейнесін, "Қараңғы түнде тау қалғып" әнінің ноталық жазбасын, арнайы әзірленген домбыраны сый­ға тартады. Домбыраның сынбайтын шынымен қапталған бөлігі астында неміс және орыс тілдерінде: "Гетенің Азиядағы тұңғыш аудармашысы – ақын, әрі композитор Абай осы аспапта ойнап, "Түнгі кезбенің әніне" ән шығарған" деген жазу бар. Өз кезегінде Гете музейі мен немістің классикалық әдеби мұрасын жинап, зерттейтін Ұлт институты қызметкерлері Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық музейіне Гетенің портретін сыйға тартқан.

Сонымен қатар Абай музейіне натуралист, геологияға қызығушылық танытып, минералдар жинаған Гетенің коллекциясынан Қалмұқан Исабаев ақынның жеке заты ретінде сақталған жапырақ бедері түс­кен тас әкелген. Ильменау қаласының құрылғанына 700 жыл толуына орай ақ керамикадан жасалған таңбасын сыйға тартқан. Сонымен қатар, Гете суретін, қолжазбаларының көшірмесін, буклеттерді, неміс тілінде "Қараңғы түнде тау қалғып" әні жазылған магнитофон жазбасын және мерейтойлық медальдарын да тапсырған.

Арай Талғатқызы, Абай музейінің баспасөз қызметкері, ШҚО

Egemen.kz

Қ. Слямбек