Қазақта домбыра мен қобыз жасаушы шеберлер жетерлік. Бірақ Шығыс Қазақстанның сұлу Марқакөл өңірінің тумасы Жолаушы Тұрдығұловтың орны ерекше.
"Үкілі домбыра" сайысының бас жүлдегері, "Алтын домбыра" сыйлығының иегері, шетелдегі түрлі қолөнер көрмелеріне қатысып, қазақтың домбырасын дәріптеп жүрген, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путинге жеке домбыра мен қылқобыз жасап берген шебер, қазіргі таңда "Қазақтың Страдивариі" атанып, халықтың зор ықыласына бөленген.
Үш мыңға жуық аспап жасаған
1950 жылы Марқакөлде өмірге келген Жолаушы Әбілғазыұлы алғашқы домбырасын әскерде жүріп, 19 жасында жасаған екен. Содан бері елу жылдың ішінде үш мыңға жуық аспап жасаған, оның екі мыңнан астамы - қазақтың құдіретті қара домбырасы. Айтуынша, қазақ эстрадасы мен өнер ордаларында жүрген домбыралардың жартысынан астамы дәл осы Жолаушы ағаның қолынан шыққан. Бір ғана Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі түгелдей Жолаушы ағаның домбырасымен "жасақталған".
"Бала күнімде жанымда үнемі бәкі жүретін. Онымен ағаш жонғанды жақсы көретін едім. Домбыра жасауды маған ешкім үйреткен емес. Тек ауылда жүргенімде әркімнің үйінде жатқан-тұрған, сынған, сызат түскен домбыраларды жинап жөндеп жүретінмін. Ол кезде домбыра жасаған емеспін. Әскерде жүрген кезімде домбыра шертетін бір жігіт домбыра жасауға өтініш жасап, сонда алғаш домбыра жасаған едім. Домбыра шертуді де содан үйрендім. Кейін қалаға келіп, домбыра жасауды қолға алдым. Шынымды айтсам, домбыра жасауға түрткі болған басты нәрсе – фабрикада жасалған домбыралардың сапасыздығы, қоңыр үннен жұтаңдығы еді. Ауылда жүргенде де қасиетті домбыраның қоңыр үнін қалай қайтару керек деп ойланып, зерттеп жүретінмін, кейін көп эксперимент жасап, жан тебірентер бояуы қанық қоңыр үнді таптым. Түрлі қызметте жүрсем де, домбыра жасауды жанымнан тастаған емеспін, үнемі іңкәрлігім есіп тұрады", – дейді Жолаушы аға.
Ертеректе қазақ халқы домбыраның шегін қой мен ешкінің ішегінен жасап тартатын болған. Кептірілген ішек домбыраның үнін қоңыр, әуезді етеді. Бірақ мұндай ішектер тез үзіліп қалады. Әсіресе, өткен ғасырдың 30-шы жылдары ұлттық аспаптар оркестрі құрыла бастаған кезде мұндай домбыраның шапшаң күйлерді орындауға күші жетпей үзіліп кете беретін. Ахмет Жұбанов бастаған ғалымдар тобы домбыраны біраз өзгертіп, оған қармақ жіп тағып, іле қимылын арттырғандай болды. Бірақ бұл қазақтың домбырасына, оның акустикасына зор зиян келтірді.
"Бүгінгі таңда шеберлеріміздің көбі домбыраның көне үнін қайтарғысы келеді. Сол жолда еңбектеніп жатыр. Кезінде қазақтар қойдың, ешкінің ішегін тазалап жуып, есіп, керіп салған. Бірақ тез үзіліп қалады. Десе де мықты ішек жасаудың да тәсілі бар екен, оны кейін білдім. Ішекті әуелі тұзды суға салып, бір тәуліктей пісіру керек екен. Сонда ішектің түсі мөп-мөлдір болып өзгереді. Сосын барып иіріп, ағашқа тағылып созылады. Сонда ішек жұқарып, созылады. Осы әдіспен әзірленген ішек ұзақ уақыт үзілмейді", – дейді шебер.
Ағашты қыста дайындаған жөн
Жолаушы аға үйренген өнерін жастарға сіңіруге құштар, сондықтан бүгінгі таңда шәкірт тәрбиелеп отырған бірден-бір шебер саналады.
"Кейбір жандар домбыра жасаудың құпиясын сақтап, сырын айтпай жатады. Бірақ өнер халыққа ортақ қой, оны сарқып қалуға болмайды. Мен өз білімімді елге үйретуден жалықпаймын. Домбыра жасауды үйренемін деп келген жанға есігім ашық. Өйткені өз өнерімді үйретіп кеткім келеді. Қазақтың домбырасы өлмесе деген тілек бар. Сол үшін домбырамен әуестеніп жүрген жастар үлгі алсын, оны жасаудың әдіс-тәсілін үйренсін деп, көп жылдық зерттеулерімді топтастырып, кітап жазып жүрмін. Ағашты қашан және қалай дайындау керек, домбыраны қай уақытта жасаған жөн, қандай әдіс-тәсіл керек – бәрі кітаптарымда түсіндіріліп жазылған", - дейді шебер.
Соған қарамастан домбыратанушы ғалым аспапқа қай уақытта ағаш дайындау керегін айта кетті.
"Ағашты қыста дайындаймын. Өйткені жазда ағаш өседі, бойында ылғал көп болады. Ал қыста ағаш ұйықтайды, өне бойындағы ылғал мен судың барлығын тамырына жинайды, жерге жібереді. Қақаған аяз да ағашты қыса түседі. Яғни, қыста ағаш әбден сіңіп кебеді. Кептірілген ағаштың акустикасы зор келеді, сол үшін ағашты жиырма жыл кептіру керек. Ал кейбір шеберлер ағашты кесе салып жасап жатады, ол дұрыс емес", – дейді Жолаушы аға.
Ағашты таңдар алдында аталық ағаштарға қарағанда аналық, ұрғашы ағаштарды таңдаған жөн екен. Өйткені аналық қарағайдың бойында бұтақтары аз, жұмыр келеді. Ал бұтағы аз ағаш – домбыраны шауып жасауға таптырмас материал.
Шәкірттері озып жатыр
Жолаушы Тұрдығұлов – домбыра жасау технологиясы мен ғылымды ұштастыра білген шебер. Сондықтан өнер иелері арасында шығысқазақстандық шебердің домбырасына деген сұраныс жоғары. Қолөнерші қазірде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде сәндік қолөнер кафедрасының профессоры. Ағашты көркемдеп өңдеу пәнінен дәріс оқитын профессордың шеберханасына домбыра жасауды үйренгісі келетін жастар жыл сайын көбейіп келеді.
"Осы күнге дейін шеберханамда 100-ден аса студент оқып шықты. Соның 50-ден астамы домбыра жасаумен айналысады, 20-дан астамы домбыраны кәсіби түрде жасайды. Кейбірі менен де асып түсті, өзім байқап жүремін. Мысалы, Ердос Рахымбеков, Алмас Мұстафаев, Талғатжан Асылов", - дейді шебер.
Шетелдіктер қазақтың домбырасын құрметтейді
Жолаушы ағамыз шетелде ұйымдастырылған көрмелерден қалмайды, әлемнің түкпір-түкпірінде өткізілетін Қазақстан, Нұр-Сұлтан, Алматы күндері сынды мәдени шараларға қатысып, қазақ қолөнерін әлемге танытып жүр. Дүниежүзін аралаған шебердің айтуынша, қазақтың қоңыр домбырасы мен қыл қобызына деген шетелдіктердің қызығушылығы тамаша, қазақтың күйін ұйып тыңдайды.
"Қазақтың домбырасы мен қобызын шетелдіктер өте құрметтейді, жақсы көреді. Домбырамен, қобызбен күй ойнап отырсаң, ешкім айналып өтпейді, тыңдап қызығады. Кореяда өткен көрмеде домбыра жасап жатқаным, ортекемен күй ойнағаным кәрістерді таңдай қақтырды. Ал Үндістанда өткен дүниежүзілік қолөнер көрмесінде домбыра мен қобызға ерекше мән берілді, оның жасалу технологиясы, үні жоғары бағаға ие болды. Жиырма жыл бұрын Австрияда ұйымдастырылған музыка конгресінде мен жасаған нарқобыз мамандардың жоғарғы бағасын алды. Қазақтың домбырасын кез келген ұлт түсіне алады деп ойлаймын", - дейді Жолаушы аға.
Қазіргі таңда Жолаушы Тұрдығұлов қазақтың көне аспаптарын оятуды, оны жаңғыртуды қолға ала бастады. Айтуынша, қазақта ұлттық аспатар өте көп, 40-тан астам түрі бар. Домбыра, қылқобыз, нарқобыз, жетіген, шертер, сазген, дауылпаз, сылдырмақ деп тізіп айта беруге болады. Қазір жетігенді қалпына келтіруге тырысып жатыр, 20 шақты аспап жасаған.
"Қазақта қобыздың орны ерекше, бүгінгі таңда қобызға деген әлемнің, халықтың қызығушылығы күшейген. Қобыздың үніне сүйсінген, көзқарасын өзгерткен жан көп. Оның үстіне, қобыздың қасиеті де сол – оны өзгерте алмайсың. Оның шегіне тек жылқының ғана қылы есіліп салынатындықтан, оның үнін өзгерту мүмкін емес", - дейді шебер.