Адам мәңгі жасамайды. Мәңгі жасайтын – оның артында қалдырған өнегелі ісі мен өшпестей ізі болса керек. Осындай өлшемге сәйкес келетін халқымыздың адал ұлдарының бірі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, көзі тірісінде аз сөйлеп, көп іс тындырып кеткен нар тұлға Мұстахим Ықсанов десек қателесе қоймаспыз. Оның арғы тегі қазақ жыраулық поэзиясының ізашары Шалкиіз Тіленшіұлынан тамыр тартса, берісі қазақ өлеңін жаңаша түр, өзгеше өрнекпен байыта білген Алаштың ойшыл ақыны Ғұмар Қарашпен түйіседі.
М.Ықсанов қырқыншы жылдардың алғашқы кезеңінде Алматы темір жол техникумын, кейін Қазақ ауыл шаруашылығы институын бітіріп, жас маман ретінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы адам ізі аз түскен Бетпақдаланы игеруге қатысып, осы жерде қызмет бабында ілгерілеп, аса жауапты сыннан өтіп, шыңдалып шығады. Мұстахимның адамдармен ортақ тіл табыса білетін бітім-болмысы, қайсарлық пен табандылық секілді о бастан бойына біткен қасиеттері дәл осы жылдары толыса бастаған екен. Тіршілік нәрі – су. Сусыз өмір жоқ. Гидроинженер мамандығын алған М.Ықсановтың Бетпақдаланы суландыру ісіне қосқан үлкен үлесі әлі күнге дейін ұмытыла қойған жоқ.
Мұстахим Біләлұлына тән басты қасиеттер – әділдік пен шыншылдық, өзіне жүктелген іске деген үлкен жауапкершілік және қолға алған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын мақсаткерлік дер едік. Қызылорда, Жамбыл, Орал облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары және Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Өнеркәсіп мәселелері жөніндегі хатшысы секілді жоғары лауазымды қызметтерді атқарған кезінде де осы дағдысынан айнымады. 1975 жылы Орал обкомының бірінші хатшысы болып тағайындалған кезде ол басқару тәжірибесі жан-жақты жетілген, әбден ысылған, стратегиялық жобаларды терең түсіне білетін, есімі республика жұртшылығына кеңінен танылған басшы азамат еді. Өзі туып-өскен өңірін он бір жылға жуық басқарған кезінде ауыз толтырып айтарлықтай іс атқарып кеткеніне ел-жұрт куә.
Аталған уақыт аралығында М.Ықсанов сөзден гөрі нақты іске және оның тиянақты орындалуына басымдық бере білді. Соның ішінде бұған дейін "үлкен деревня" деңгейінде қалып қойған Орал қаласында күрделі құрылыс кеңінен қанат жайды. Әрі барлық аудан орталығында Мәдениет үйлері бой көтерді. Бұған қоса, өңірде республикалық маңызы бар құрылыстар мен гидроинженерлік нысандар іске қосылды. Соның нәтижесінде, тарлан ақын Хамит Ерғалиевтің сөзімен айтқанда, "Мәңгі ұйқыда жатқан көне Теке қаласы (жергілікті қазақтар Орал қаласын бұрын осылай атаған) ұйқысынан оянып", республикадағы сәулетті қалалардың біріне айналды.
Мұсекеңді алды ауыр, түсі суық, ешкімді бетіне қаратпайтын қатал басшы болды деп есептейтіндер де табылады. Меніңше, бұл – ол кісіні жете білмейтіндердің сөзі. Дәлірек айтқанда, М.Ықсанов ойлау жүйесі терең, кадрларға тиісті талап қоя білетін іскер де талғам таразысы биік басшы болды десек, шындыққа бір табан жақындай түсеміз. Қай кезде де тәртіп пен жинақылықты қолдап, сылбырлықты ұнатпайтын бірінші хатшы өз төңірегіне де қолынан іс келетін, қарым-қабілеті мол басшы кадрларды топтастырды. Сөйтіп ортақ іске деген өміршең көзқарас қалыптастырылып, Орал өңірі дамудың даңғыл жолына түсіп жүре берді.
Сол бір тұста М.Ықсанов тұтастай өңір жұртшылығының бас тәрбиешісі, тәлімгері және бағыт-бағдар берушісі рөлін атқарғандай көрінеді. Батысқазақстандықтар оның жүріс-тұрысы мен тұжырымды сөзін, тау қопарғандай өнімді ісін өзгелерге үлгі тұта білгені хақ. Танымал тұлғаның мектебінен өткен бүгінгі аға ұрпақ өкілдері оның сенімін ақтауға ұмтылып, алғырлық пен алымдылық танытты.
Мұсекеңнің тағы бір ерекше қасиеті – адамдарды тез тани білетін. Егер белгілі бір кадр өзіне жүктелген міндетті атқара алмаса немесе алып жүре алмаса, оған қолынан келетін өзге жеңілдеу қызмет ұсынатын. Осы он бір жылда М.Ықсанов мені орынсыз қуғындады деп ешкім де айта алмас еді.
Облыс басшысы өңірдегі белгілі бір нысандар мен аудандарға баратын болса, мұны ешкімге алдын ала хабарлап айтпайтын. Ешкімді күттірмейтін. Күндіз-түн демей егіс басына, мал қыстақтары мен шаруашылықтарға кенеттен келіп, ауыл еңбеккерлерімен әзір тамақты бірге ішіп жүре беретініне өзіміз талай рет куә болғанбыз. "Ұлық болсаң, кішік бол!" деген халқымыздың нақыл сөзі осындайда айтылса керек.
М.Ықсанов осыдан отыз жыл бұрын 1991 жылдың 18 қарашасы күні 66 жасқа қараған шағында Алматы қаласында дүниеден озды. Дана халқымыз ежелден асылдарын ардақтап, ұлыларын ұлықтай білген ғой. Осы орайда: "Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол" деген дана Абайдың сөзі еске түседі. Аталған салт-дәстүрге сай Акжайық елі өз перзенті, арлы да ардақты азамат Мұстахим Біләлұлының есімін ұмытпай еске алу рәсімдерін тұрақты түрде өткізіп келеді.
Оның есімін ел-жұрттың санасында қайтадан жаңғыртып, халық үшін атқарған қыруар еңбегі мен төккен терін бүгінгі ұрпақ өкілдеріне үлгі ету үшін 2005 жылдың наурыз айында облыста М.Ықсанов атындағы қоғамдық қор құрылды. Оның алдын ала түсірілген іс-жоспары мен бағдарламасына сәйкес, ел-жұрттың көкейінде жүрген бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылып келеді. Атап айтқанда, 2005 жылдың 10 тамызында Орал қаласы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімі бойынша облыс орталығындағы орталық көшелердің біріне Мұстахим Ықсановтың есімі берілді.