- Негізгі бет
- Техно
- Ұшақ терезелері неге...
Ұшақ терезелері неге сопақ?
Қандай ұшақ көрсек те, барлығының терезесі сопақ формада жасалған. Бұл – 60 жыл бұрынғы тәжірибенің нәтижесі. Содан бері ұшаққа иллюминаторлар сопақ немесе домалақ етіп орнатылады.
Алғашқы ұшақтардың терезелері төрт бұрышты болғаны мәлім. Инженерлер еш күдіксіз стандартты әйнектерді орната бастады. Бұл жолаушылар тасымалдайтын түрлі жаңа ұшақтар шығып жатқан 1950 жылдар болатын. Көппен бірге De Havilland атты ағылшын компаниясы да "Комета" лайнерін жасап шықты. “Комета” ұшағы сол уақыттағы техникалық қабілеті мықты лайнер болды. Алайда 1954 жылы ұшақ апатқа ұшырап, 56 адам қаза тапты.
Инженерлер апат себебін анықтаймыз деп түрлі тәжірибе жасады. Сынақтар арқасында апат төрт бұрышты иллюминаторлар кесірінен болғаны анықталып, ұшақ жасайтын бүкіл компания жаппай сопақ терезелерге көше бастады.
Төрт бұрышты терезелер апатқа қалай себеп болды?
Ұшақ құрылымындағы тік, сүйір бұрышты бөлшектер әуеге көтерілгенде жарылуға дайын тұрады. Себебі жоғары қысым кезінде 90 градус бұрыштар жарылуға бейім болады. Демек төртбұрышты әйнектер мен жақтаулар қысым балансын сақтауға қауқарсыз. Тек терезе ғана емес, ұшақтың барлық бөлігі тік, сүйір бұрышты бөліктерден ада. Сондай-ақ ғарыш зымырандарының да терезелері мен құрылымы сопақ формада жасалады.
Ал ауа қысымы қайда қалды?
Ауа қысымының балансын иллюминатор түбінде орналасқан кішкентай тесік сақтап тұрады. Ұшақ әуеге көтерілгенде сыртқы температура -35°-тан төмен болады да, ауа сығылып, қысым күшейеді. Ал әлгі тесіктер арқылы ауа ішке кіріп, баланс сақталады.
Иллюминатордың қажеті қанша?
Бір қарағанда, әуре болмай-ақ ұшақтарға терезе жасамаса да болатындай көрінеді, бірақ онсыз болмайды. Экипаж тек борт ішіндегі емес, сыртындағы жағдайды да назарда ұстауы тиіс. Мысалы ұшақтың қозғалтқышы бұзылып, істен шыға бастаса оны иллюминатордан бірден байқауға болады.
Болашақта терезесі жоқ ұшақтар да пайда болуы мүмкін. Франциялық Technicon Design компаниясы сырттағы көріністі тұтас көрсететін панорама-қабырғасы бар ұшақтың концепциясын жасаған екен. Кім біледі, бәлкім, ертең ұшақтың бәрі осындай болатын шығар?
Massaget.kz