Ұлыбританияның Ковентри қаласы маңында ұшқышсыз құрылғыларға (дрон, әуе таксиі т.б) арналған әлемдегі алғашқы әуежай салынады. Үкімет осы мақсат үшін 1,2 миллион фунт-стерлинг қаржы бөлген.
Бұл қаржыға дрондарды қолдана отырып жүк және жолаушылар тасымалдау орталығы салынады.
"Инфрақұрылымды қажет ететін әуе тасымалының жаңа түрі пайда болды. Жолаушылар келіп, рейске тапсырыс беріп, әуе такси қызметін қолданады", - дейді Urban Airport компаниясының төрағасы Рики Сандху.
Экологиялық таза болады деп күтіліп отырған орталық Air One деп аталады және Ковентридің солтүстік бөлігіне жақын аумақта салынады. Әуежай 2021 жылы қараша айында ашылады деп жоспарланған.
Air One әлемдегі ең кішкентай әуежай болады. Оның көлемі мейлінше ықшамдалған. Сондықтан оны кішкентай қалашықтарға да салуға болады.
Жоба авторлары дрондар электр қозғалтқышында жұмыс істейді және қоршаған ортаға парниктік газдар шығармайды дейді. Алдағы бес жылда осындай 200-ге жуық әуежай салынады деп күтіледі, ал ұшқышсыз құрылғы қызметін пайдалану ешкімге таң болмайды.
Осыған дейін Қытайда дрондарға арналған алғашқы әуежай салу жоспарланған болатын. Алайда, пандемияға байланысты оның құрылысы тоқтап қалған.