- Негізгі бет
- Техно
- Тік форматты видеолар...
Тік форматты видеолар трендке айнала ма?
Соңғы жылдары тігінен (вертикально ⁄ portrait) түсірілген видео форматты қолдану кең танымалдыққа ие болып отыр. Тек қолданушылар ғана емес, жарнама берушілер мен контент жасайтындар арасында да үлкен сұранысқа ие. Оның басты себебі смартфондар мен мобильді құрылғы қолданушылар санының күрт артуымен тығыз байланысты. Қолданушылардың 94%-ы смартфон арқылы контентті бақылау барысында телефонды тігінен ұстайды.
Біз мобильді заманда өмір сүреміз:
Бүгінде әлеуметтік желіге кіру үшін компьютер қолданатын адам жоқтың қасы. Тұтынушының сұранысына сәйкес мобильді бағдарламалардың барлығы тігінен қолдануға ыңғайлы етіп жасалған. Видео да назардан тыс қалған жоқ.
2017 жылы Facebook, Instagram, Twitter, Snapchat және YouTube интерфейсті тігінен видео қарауға қолайлы етіп өзгертті. Содан бері, жарнама берушілер, "ютуберлер" мен әлеуметтік желі қолданушылары тігінен түсірілген видео өнімдерді еш қиындықсыз қолдана бастады.
Wibbitz автоматтандырылған видеороликтерді құрастыратын платформаның статистикасына сәйкес, тігінен түсірілген видео 130% артық көрілім жинап, Facebook видеоплатфомасында 4 есе көп таралады екен.
Бұдан кейін, Animaker тәжірибе жасап көреді: Facebook әлеуметтік желісінде екі бірдей жарнамалық роликті таратады. Бірі тігінен, екіншісі көлденеңнен түсірілген видео көрілім нәтижесі әртүрлі болады. Тігінен дайындалған видеоны 163 871 адам қараса, көлденең жазбаны 103 397 адам қараған. Одан бөлек, тік видео бөлісу саны (39%) мен адамдардың реакциясы (28,5%) бойынша да алға шыққан. Сонымен қатар, тігінен жасалған видеоның әрі 1000 көрсетілім бағасы 0,85 долларға тең болса, көлденең видеоның бағасы — 0,52 доллар. Яғни, тігінен түсірілген видео 63,5%–ға артық табыс алып келген.
Өткен жылы қолданысқа енген IGTV инстаграм сервері де вертикалды видеолардың қаншалықты өтімді екенін тағы бір дәлелдегендей. Netflix сервисі де "Оқиғалар" атты айдармен өз жобаларының 30 секундтық үзінділерін пайдалану арқылы вертикалды видео форматында жарнамалау тәсіліне көшті.
Ал, ИК аталатын қазақстандық шоу осыған дейін жарық көрген "Кеттік" және жақында шыққан "Не әңгіме?" әндеріне түсірген бейнебаяндарын да портрет үлгісін ұстана отырып жүзеге асырған.
Технологиялары бойынша көш бастап тұрған Оңтүстік Кореяның әншілері көлденең нұсқадан бөлек, вертикалды нұсқада да бейнебаян шығаруды қолға алған.
Ал, Қытайда вертикалды дорама шығару жолға қойылды. Алғаш рет 2018 жылы "Менің ақымақ жігітім" (Мой идиотский парень) деген дорама түсірілсе, биыл "Режиссер менен бастады" (Режиссёр начал с меня) атты сериал жарыққа шығарылды.
Болашақтың барлығын смартфонмен байланыстыратындықтан, көлденең видео форматқа деген сұраныс азаяды деген болжам жоқ емес. Дегенмен, оның барлығы көрерменмен тығыз байланысты.
Сіз қалай ойлайсыз? Вертикалды фильмдер мен сериалдар жақсы ма, әлде смартфонды аударып, таптаурынды контент қараған тиімдірек пе? Өзіңіздің пікіріңізді қалдыруды ұмытпаңыз.