- Негізгі бет
- Техно
- Температураны 5 метрден...
Температураны 5 метрден өлшейтін смарт шлемдер
Дубай полициясына смарт шлемдер берілді. Олар дене температурасын 5 метр қашықтықтан өлшеуге мүмкіндік беретін тепловизорлармен жабдықталған. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Ерекшелігі, бұл шлем бір минут ішінде 200 адамның дене қызуын өлшей алады.
Reuters/Ahmed Jadallah
БАӘ-де карантин алынып тасталғаннан кейін көшеге адамдар рұқсатсыз шығып жатыр. Осындай кезде Дубай полициясы жаңа технологияның көмегімен көшедегі адамдардың арасында коронавирусқа шалдыққандар бар ма, жоқ па соны тексереді.
Енді БАӘ-да сағат 06:00-ден 22:00-ге дейін көшеде емін-еркін жүруге болады. Бірақ медициналық маска тағу талабы қалдырылған. Заңды бұзғандар 1000 дирхам (250 еуро) төлейді. Сонымен бірге, көшеде 3 адамнан артық топтасып тұруға тиым салынған.
Дүкендер мен сауда орталықтары ашыла бастады. Оларға 3 жастан 12 жасқа дейінгі балалар мен 60 жастан асқан қарттарға кіруге тыйым салынған. Мейрамханалар жұмыс істеуге рұқсат етілген. Алайда, ондағы үстелдер бір-бірінен кемінде 2 метр қашықта орналасуы шарт. Кинотеатрлар мен ойын-сауық орталықтары жабық. Метро да жұмыс істей бастаған.
Шлем екі инфрақызыл камерамен және бетті тану технологиясымен жабдықталған. Оның экранында бір уақытта 13 адам бейнеленеді. Егер осы адамдардың кез келгенінің дене температурасы нормадан жоғары болса, ескерту жасалады.
Reuters/Ahmed Jadallah
"Біз бұл адамды тоқтату үшін тиісті шаралар қолданамыз. Содан кейін ол емделетін жақын жердегі медициналық мекемеге жеткізіледі", - дейді Дубай полицейі Али аль-Рамси. Ол смарт шлем Дубайдағы барлық полиция бөлімшелеріне жеткізілгенін айтты.
Бұл шлемді қытай компания KC Wearable жасаған және оны басқа елдерге сатпас бұрын миллиондаған адамдарда сынап көрген. Компания мұндай шлемдерге Таяу Шығыс, Еуропа, Африка және Азияның бірқатар елдерінен тапсырыс алғанын айтады.
Т. Раушанұлы