Робототехника саласына қызығып, осы бағытта үздік атанып үлгерген талдықорғандық оқушылар елімізде тұңғыш рет робот-мұғалім құрастырды. Бұл жобамен олар Венгрияда өткен халықаралық робот техникасы олимпиадасында 3-орынға ие болған.
Аталған роботты Даниил Филимонов пен Лина Пак және алматылық тағы бір оқушы сәуір айынан бастап құрастырған. Алдымен облыстық іріктеу байқауына қатысып, осы байқауда топ жарады. Кейін роботты жетілдіріп, республикада үздік атанады. Кемшіліктерін жойып, әбден пысықтап халықаралық додаға шықты.
Айтуларынша, роботты толық жасауға жарты жыл кетті. Мектеп оқушыларының ойлап тапқан құлтемірі бірнеше пәннен сабақ беріп, инклюзивті балаларды да оқытуға қабілетті. Яғни нашар естіп, көру қабілеті төмен оқушыларға да бейімделген.
"Бұл роботты болашақта мұғалімнің көмекшісі ретінде қолдануға болады" дейді жоба авторы Даниил Филимонов.
Даниилдің айтуынша, қазіргі таңда робот камера арқылы оқушының кім екенін анықтауға қабілетті. Сондай-ақ, ол есту қабілеті төмендерге ишара белгілерін үйретіп, көру қабілеті нашарларға брайль тілін оқыта алады.
Айта кету керек, робот-мұғалім қазір тек ағылшын тілінде сабақ жүргізеді. Себебі олимпиада халықаралық болған соң, бағдарламалар да ағылшын тілінде дайындалды. Оқушылар, қажет болса, құлтемірді қазақ тілінде де сөйлетуге дайын.