- Негізгі бет
- Техно
- Суретіңізді өлеңмен әрлеңіз...
Суретіңізді өлеңмен әрлеңіз
Поэтайзер — суретті сәйкес өлеңмен әрлейтін қосымша.
Ресейлік Lextre компаниясының бағдарлама жасаушылары жаңа нейрожеліге фотосуреттегі заттарды анықтап, соған байланысты өлеңдер табу мүмкіндігін орнатты.
Яғни, компания қызметкерлері классикалық және жаңа заман ақындары шығармашылығынан суреттегі нысандарға мағыналық жағынан жақын өлеңдерді тауып беретін қосымша ойлап тапты.
The Right Words мобильді қосымшасы Ресейде «Поэтайзер. Правильные Слова» деген атаумен белгілі.
Нейрожелі қорына жалпы саны 43 мың өлең үзіндісі енгізілген. Олар XVIII, XIX және XX ғасырдың басында өмір сүрген ақындар поэзиясын қамтиды.
Мобильді қосымшаға қызығушылық танытқан қолданушы өзінің не өзгенің кез-келген фотосуретін енгізіп, оны әрлеуге бағдарлама ұсынған 10 түрлі өлеңнің бірін таңдау мүмкіндігін алады. Нейрожелінің жұмыс істеу принципі бойынша ол жүктелген суреттегі адам, зат, түс немесе құбылысты анықтайды. Мысалы, егер бойжеткеннің портреті енгізілсе, бағдарлама қорда бар өлеңдер ішінен әйел сұлулығын жырлайтын 10 өлең тауып береді. Көңіліңіз қалаған біреуін таңдап, әлеуметтік желідегі парақшаңызға жүктесеңіз болады.
Мұндай мүмкіндікке қол жеткізу үшін бағдарлама жасаушылар нейрожелі қорына 100 миллион сурет (12 терабайт ақпарат) енгізген екен.
Өкінішке орай, «Поэтайзер» қосымшасында қазақ поэзиясы қоры жоқ. Әзірге, батыс және орыс ақындарының өлеңдері ғана жүктелген. Дегенмен, әлеуметтік желі мен ғаламторға тәуелді заманда кез-келген мәнсіз, мағынасыз іс-әрекетпен шұғылданып, пайдасыз ойындар ойнағаннан гөрі, суреттерге өлеңдер таңдау арқылы бұрын-соңды білмегеніңізбен танысып, рухани әлеміңізді төрт-ақ жол өлеңмен болсын байытып отырған жөн шығар.
Үлгі ретінде өздеріңіз сүйіп оқитын Massaget.kz сайты журналистерінің «Поэтайзер» қосымшасында өңделген фотосуреттерін ұсынып отырмыз. Қабыл алыңыз!
А. Оралқызы