Колумбияның Картахена қаласындағы судья Хуан Мануэль Падилла Гарсия үкім шығару кезінде ChatGPT нейрондық желісін пайдаланғанын айтты. Ол мұны уақытты үнемдеу қажеттілігімен түсіндірді.
Іс аутист баланы емдеуге қажетті сақтандыру төлемдеріне қатысты болды. Судья сақтандыру компаниясы оның барлық көлік және емдеу шығындарын өтеуі керек деп шешті.
Судьяның айтуынша, ол Конституциялық соттың осыған ұқсас істер бойынша оң шешім шығарған-шығармағанын білу үшін ChatGPT арқылы іздеген. Падилла чат-ботты жай пайдаланбағанын, жауаптарды тексеріп, оларды өзінің заңды дәлелдерімен бірдей пайдаланғанын айтты. Оның айтуынша, нейрондық желі судьяны алмастыра алмайды, бірақ ол құжаттарды дайындауды жеңілдетеді.
"Жасанды интеллектті (AI) пайдаланудың мақсаты - кез келген жағдайда судьяны алмастыру емес. Шын мәнінде, біз құжат дайындауға кететін уақытты оңтайландыруға тырысамыз. ЖИ жауаптары деректерді тексеруден кейін пайдаланылды", - делінген шешімде.
Radio Blue арнасында Падилла сот процестеріне заманауи технологияларды енгізуді міндеттейтін заңды еске алды.
"Судьялар сот төрелігі мен технология саласындағы өзгерістерден хабардар болуы керек. Колумбиядағы пандемиядан кейін біз сот жүйесіне жаңашылдық енгізе бастадық. Бүгін бұл ChatGPT болуы мүмкін, бірақ кейінірек судьяларға көмектесетін қосымша құралдар қажет. Бұл жасанды интеллект бізге түсінікті сөздермен өте анық шешім шығаруға көмектеседі", - деді ол.
ChatGPT – жасанды интеллекті көп тапсырмалы чат-бот. Ол әңгіме жүргізе алады, өлең, сценарий жаза алады және басқа да көптеген тапсырмаларды орындайды.
Бұған дейін ChatGPT екі айдың ішінде 100 миллионнан астам жазылушы жинап, TikTok платформасын басып озып, тарихтағы ең жылдам дамып келе жатқан сервистік қолданбаға айналғаны хабарланған болатын. ChatGPT қызметі әлі барлық елдерде жұмыс істемейді.