Стив Джобстың қызы Лиза Бреннан-Джобс The New York Times басылымына сұхбат берді. Әңгіме барысында Лиза әкесі жайлы тың естеліктермен бөлісіп, алдағы уақытта Стив Джобстың шынайы биографиясын жазып шығатынын хабарлады. Бұл биография жеке кітап ретінде басылып шығады. Бреннан-Джобстың айтуы бойынша, біз оқып жүрген Стив Джобс өмірі жайлы биография толыққанды шындыққа негізделмеген. Бұл биографияны америкалық белгілі журналист, CNN телекомпаниясы мен Time журналының басшысы қызметінде болған Уолтер Айзексон жазып шыққан. Бреннан-Джобс дәл осы өмірбаянда бірнеше жалған ақпараттың жазылғанын ескертеді. Сол сияқты, Стив Джобс турасында жазылмай қалған тың деректер де жетерлік. Осы ақпараттарды жиыстыра отырып Бреннан-Джобс әкесі жайлы толық, шынайы биографияны өзі жазып шығуға бекініп отыр. Лиза Бреннан-Джобс бұл мемуарларды қыркүйек айында шығаруды жоспарлап отыр. Бүгінде кітаптың кіріспесі дайын тұр. Ол осыған дейін басылым беттерінде қысқартылып басылған еді. Стив Джобс көзі тірісінде бірнеше жыл Лизаны өз қызы ретінде мойындамады. Ақ некеден тумағандықтан ол Лизаға кішкентай күнінде қарайласпаған. Алайда, уақыт өте Стив Лизаны өз қамқорлығына алып, оның Гарвард университетінде білім алуына жағдай жасады.