- Негізгі бет
- Техно
- Смартфон өмірін ұзартуға...
Смартфон өмірін ұзартуға көмектесетін 8 кеңес
Смартфондар басқа техникалар секілді уақыт өте нашар жұмыс істей бастайды. Бұл олардың техникалық мүмкіндіктеріне ғана байланысты емес, смартфонды иесі қалай ұстайтыны да маңызды рөл атқарады. Смартфон өмірін ұзартатын 8 кеңес ұсынамыз.
Дұрыс қуаттаңыз
Заманауи аккумуляторлардың ресурсы зарядтау мен зарядтың бітуінің 600 толық цикліне дейін жетеді. Осы мөлшерді сақтау және көбейту үшін смартфонның толықтай «отырып қалғанын» күтудің қажеті жоқ. Экранда 10–20% қуат қалғанын ескертетін хабарлама шыққан бойда оны бірден тоққа қосыңыз. Батареяның толықтай өшіп қалуына бірнеше айда бір рет қана жол берген жөн. Қолданушылар осы қарапайым ережені сақтау арқылы оның сыйымдылығын 1000 циклге дейін жеткізгендерін айтады. Сондай-ақ смартфонды электр қуатынан уақытында алу да маңызды. Ол толықтай қуатталып біткен кезде желіден бірден алып тастаған жөн.
Егер аккумуляторды ауыстыру қажеттілігі туындаса, оның түпнұсқалық түрін таңдаңыз. Әрине, ол қымбатырақ болады, бірақ өз бағасына тұрады: сапасыз түрі ұзақ қызмет етпейді және телдефонды бұзады. Бұл зарядтайтын құрылғыға да қатысты айтылған: өндіруші ұсынған түпнұсқалық құрылғы оған ұқсас арзанырақ түрлеріне қарағанда смартфонға нақты қажет тоқ мөлшерін ғана береді.
Жүйені кейде жаңартпаған жөн
Егер сіздің смартфоныңыз шыққаннан кейін компания оның тағы екі түрлі моделін шығарса, телефонға келген жүйені жаңартпаған дұрыс. Бұл жерден өндірушілер қолданатын қулы маркетингтік әдісті байқауға болады: жаңа жүйенің «салмағы» көп болады, сондыөтан ол смартфон жұмысын баяулатады. Сол үшін смартфон иесі техниканың қиындықтары мен оның «қатып қала беруінен» шаршап, жаңасын сатып алғанды жөн көреді. Егер жаңару автоматты түрде орнатылса, оны «настройка» бөлімінен сөндіріп тастауға болады. Содан соң телефонның жаңа жаңартуды орнатуын елемеңіз. Егер байқамай жаңартуға келісім беріп қойсаңыз, уайымдамаңыз, интернеттен оның бұрынғы бағдарламалық жасақтамасын қайтару жолын табуға болады.
Смартфон қызғанда оның қабын шешіп тастаңыз
Смартфон қабы — физикалық зақымдардан құтқаратын әмбебап құрал. Бірақ ол кей жағдайларда смартфонға зиянын келтіруі мүмкін. Мысалы, кейде телефон зарядталып жатқанда қызады. Сыртында қабы бар смартфон қаттырақ қызады, ал бұл аккумулятор қызметінің мерзімін арттырмайтыны анық. Сондай-ақ «ауыр» қосымшаларды қолданғанда телефонды қапсыз ұстаған жөн. Мысалы, zoom қосымшасымен ұзақ сөйлескенде және 3D-графикасы бар ойын ойнағанда оның қабын шешіп тастаңыз.
Дисплей мен портын тазалаңыз
Телефон экранынан дақ көрсек, оны қолдану ыңғайсыз болып кететіндіктен бірден сүртіп тайтаймыз. Ал порты мен микрофон тесіктеріне көпшілік аса мән бере қоймайды. Егер аптасына бір-екі рет ондағы шаңды басы өткір емес тіс тазалағышпен немесе тегіс мата бөлігімен тазаласа, бастапқы күйі жақсы сақталады.
Маңызды ақпаратты «бұлтта» сақтаңыз
«Бұлтты» сақтау орындары — смартфон жадын қажетті файлдармен толтырып тастамаудың ақысыз және қолжетімді әдісі. Оған қоса, құрылғы бұзылса, фото, видео және құжаттар жоғалып кетпейді және оларды жаңасына немесе жөнделген телефонға көшіріп алуға мүмкіндік болады.
Қажет болмаса, геолокацияны сөндіріңіз
Көптеген қосымшалар геолокацияға рұқсат сұрайды: тамақ жеткізу, такси, ақылды сағаттар трекері және т.б. Бұл қосымшалар жағдайында оны сұрау орынды. Бірақ оны қондырма күнтізбе секілді қосымшалар қолданса, онда ол шынымен қажет пе жоқ па ойланған жөн. Егер аса қажеттігі болмаса, геолокацияны өшіріп қойыңыз. Сол кезде смартфоныңыз жылдам жұмыс істейді және қуатын ұзаққа сақтайды.
Смартфонның «ішкі» әшекейлерін азырақ қолданыңыз
Құрылғының стандартты интерфейсін, виджетін және пернетақтасын түрлендіретін лончерлер (launcher) күннен күнге көбейіп келеді. Олар процессорға күш түсіреді. Сондықтан смартфон баяу жұмыс істеп, қуаты жылдам таусылуы мүмкін. Егер осындай өзгеріс байқасаңыз, мұндай қосымшалар мөлшерін азайтыңыз.
Қосымшалар саны мен жұмысын бақылаңыз
Қосымшалар смартфон жадынан көп орын алады, сондықтан ол жай жұмыс істей бастайды. Оның ең қарапайым шешімі — сирек қолданатын қосымшаларды өшіру. Егер тек қажетті қосымшаларды қалдырсаңыз да, телефонда әлі де бос орын болмаса, телефонның қуатын ең көп алатын және оны баяулататын қосымшаны анықтаңыз. Оны анықтау үшін қуат көзі баптауынан (настройки питания) «энергияны қолдану» пунктін табыңыз. Сол кезде экранда энергия қолдану статистикасы бар қосымшалар тізімі шығу керек. Бұл пункті техника өндірушілері әртүрлі атауы мүмкін, сондықтан мағынасы ұқсайтынын іздеңіз.
А. Жапатова