Ұялы телефон қолданысқа енгелі біздің өміріміз әлдеқайда жеңілдей түскендей. Иә, оған бәріміз толықтай келісеміз. Кейбір адамдар үшін смартфон – ұйықтар алдында көретін соңғы заты, тіпті ұйқыдан тұра сала қолына ұстайтыны да сол. Оның көмегі арқылы жаңа адамдармен танысамыз, дос боламыз, көңіл көтереміз. Заттарды сатамыз, сатып аламыз. Қайда баруға болады? Қай жер ыңғайлы? деген сауалдардың жауабын іздейміз. Тіпті, үзіліп қалған әңгімелердің арасын толтыратын сиқырлы заттай үнсіздік туған сәтте соған үңілеміз де қаламыз. Бірақ ұялы телефонмен дос боламын деп, өмірден нені жоғалттыңыз?
– Сирек суреттер
Бұрынғы суреттерге зер салып қарасаңыз, бәрі арнайы дайындықпен барған. Әрі кез келген тойдан, мерекеден тек 2-3 түйір сурет қана естелікке сақталады. Туыстардың барлығында бірдей суреттер. Енді бүгінге зер салыңыз. Сіздің 10 минуттық серуеніңіздің өзі 200-300 суретке толы. Оны жарамдысы 10-ға жетпейді. Демек, бұл суреттеріңіз – құнсыз.
– Тәуелділік
Үйден шығып бара жатырып нені ойыңызға аласыз? Құлыпсыз қалған есік пе, әлде сөнбеген үтік пе? Жоқ. Сіздің ойыңызға келетін ең алғашқы мәселелердің бірі – ұялы телефон мен ақша.
– Өмірге деген қызығушылықтың төмендеуі
Ұялы телефонмен дос болған сайын, өмірге деген қызығушылығыңыз жоғала түседі. Мына әлемдегі оқиғаның бәрі іш пыстаратындай. Барған жеріңізді суретке түсірмесеңіз, ол да қызық емес.
– Еріншектік
Таксиді есік алдына шығып ұстаудың өзіне ерінеміз. Тіпті киімді өлшеп уақыт жоғалтқаннан гөрі ғаламтор көмегіне сүйенуді жөн санаймыз.
– Ұзақ түнгі әңгімелер
Құрбыңыздың үйіне қонуға бардыңыз. Барған соң, сол сәтті дәлелдейтін суреттер түсірдіңіз. Түніңізді оны ғаламторға жүктеуге, оны әрлеуге арнайсыз. Таң атқанша айтылатын сырлардың орнын «лайктар» мен «пікірлер» алмастырды.
– Романтиканың жоғалуы
Ешкім терезеңіздің алдына келіп ән айтпай ма? Сізге арналған хаттар да жоқ па? Есіңізді жиыңыз, бұл – ХХІ ғасыр. Бұл ғасырдың ерекшелігі сол – бәрі жылдам. Тіпті бақыттың уақыты да қысқарды.
Өміріміздің жеңілдегені жақсы ғой. Сонда да уақытыңыз ешнәрсеге жетпейді. Кейде өмірдің шынайы естеліктердің жиынтығы болғаны әлдеқайда дұрыс.