- Негізгі бет
- Техно
- Скафандрдың қандай түрлері...
Скафандрдың қандай түрлері бар?
Скафандр заманауи ғылымның жетістігі деп ойласаңыз қателесесіз. Оның алғашқы үлгісі Ежелгі Грекияда жасалған екен. Бірақ ол біз ойлаған ғарышкердің киімі емес.
Неге скафандр?
Бұл атау ежелгі Грекияда пайда болған. Грек тілінде "қайық" және "адам" деген екі сөздің бірігуінен шыққан. Ол кезде суда жақсы жүзетін адамдарды осылай айтқан екен. Ал 18 ғасырда скафандр деп өзенді жүзіп өту үшін киетін арнайы киімді атай бастады. Қазір скафандр деп адамды қоршаған ортадан, бөгде заттардан, газ, қауіпті заттардан қорғайтын герметикалық костюмді айтады.
Скафандрдың түрлері
Сүңгуір скафандры
Сүңгуірлер тереңде жұмыс істейтіндіктен оларға да арнайы скафандр тігіледі. Ішкі қысымды бірқалыпты сақтай отырып 600 метр тереңге дейін шыдайтын түрлері де бар. Бұл сүңгуірдің өмірін қорғап қана қоймай, су бетіне тез шығуына арналған.
Авиация скафандры
Ұшақта құлақ пен мұрынның бітелуі таныс шығар. Бұған биіктіктегі қысымның өзгеруі себеп болады. Дегенмен азаматтық авиацияда скафандрды қолданбайды. Әуе лайнеріне қарағанда он есе биікте ұшатын заманауи реактивті жойғыштардың пилоттары скафандр киюге міндетті. Өйткені 30 мың метр биікке көтерілгенше қысым бірнеше рет өзгереді.
Стратосферада ұшуға арналған скафандр
2012 жылы Red Bull Stratos жобасы аясында аустриялық Феликс Баумгартнер 39 мың метр биіктен секіріп, әлем рекордын жасады. Оның командасы бұл үшін бірнеше жыл аянбай еңбектенді. Өйткені мұнда биіктен секірген кезде адамның денесі қысым көтерілген сәтте айналып, өліп кетуі мүмкін. Феликс Баумгартнер ұшу барысында жылдамдығын сағатына 1350 шақырымға дейін жеткізген. Сол үшін де оған арнайы стратосфера скафандры тігілді.
Ғарыш скафандры
Көз үйренген скафандр – ғарышкер костюмі. Заманауи скафандр адам үстіне киілген "ғарыш кемесі" секілді. Өйткені скафандрда тіршілікті қамтамасыз етуге арналған барлық құралды табуға болады.
А. Рысдәулет