Ойланыңыз...

Ойланыңыз...
Фото: webcoursesagency.com

ВКонтакте, Instagram, Twitter секілді санамызды жаулап алған әлеуметтік желілерде жастар жағы өз ойларын ортаға салып, бір тақырыптарды қызу талқыға салып жатады. Өздерін де, өзгелерді де бір жүйеде ойлауға көндіруге тырысады.

Әлеуметтік желілерде отыру арқылы уақытыңызды қаншалықты жоғалтып жатырғаныңызды аңғармайтын боларсыз.

Ойланыңыз.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ғаламтордағы сіздің ойыңызға қызығушылық танытатын адамдардың саны небәрі 100% - дың 1-1,5%-ын ғана құрайды. Қалған адам үшін сіздің ойыңыз да, сіздің өміріңіз де қызық емес. Уақытыңыз текке кетіп жатыр.

Ойланыңыз.

Әлеуметтік желілердегі бос сөздерге бола сіз жүйкеңізді жұқартасыз. «Жамандама!», «Өзім білем!» деген сөздеріңіз бос шығын болса, оған жұмсаған энергияңыз бен «өлтіріп» алған жүйкеңізді кім қалпына келтірмек?

Ойланыңыз.

Бейтаныс адаммен немесе алыстағы таныстарыңызбен сағаттап ғаламтор арқылы сөйлесе аласыз. Ал, отбасыңыз екінші орынға шығады.  Желіде жоғалтқан сағаттарыңыздың орнын пайдалы іске жұмсауға болатынын біле тұра, сол әрекетті қасақана істейміз.

Ойланыңыз.

«Менің пікіріммен ешкім санаспайды», – деп жиі айтасыз. Соған қарамастан өзіңіз ғаламтордан оқыған, естіген әңгімеңізді талқылап, оған өзіңізше шешім шығарып қала берді адамдарды сөгесіз. Кейде жағымсыз пікіріңізді ғаламтордағы парақшаңызға жариялайсыз. Бірақ дәл сол адамның орнына өзіңізді қойып бір уақыт дәл сол адам секілді ойлауға тырыстыңыз ба?

Ойланыңыз.

Сіздің арманыңыз, мақсатыңыз, жоспарыңыз болса уақытыңызды текке жұмсамайтын едіңіз. Үлкен нәрсені армандап, оған қол жеткізу жолында еңбек етіп жүрсеңіз сіздің өзгенің өміріне алаңдауға, талқылауға уақытыңыздың болмайтыны анық. Сіз босқа өмір сүріп жатқан жоқсыз ба?

Ойланыңыз.

Т. Есқали