NordPass сарапшыларының айтуынша, қауіпсіздік жүйесінің ескертулеріне қарамастан қолданушылар ең қарапайым құпиясөздерді пайдалана береді. Жыл сайын өтетін бұл зерттеуде осы жылдың ең танымал құпиясөзі анықталды.
"123456" қарапайым сандар тіркесі әлі де әлемдегі кең таралған құпиясөзге жатады. DailyMail хабарлауы бойынша, оны 100 млн-нан астам қолданушы пайдаланады. Екінші және үшінші орында да "123456789" және "12345" сандық құпиясөздері тұр: оларды сәйкесінше 46 және 32 млн адам қолданады.
Сондай-ақ қолданушылар жиі қолданылатын құпиясөздердің ішінен "111111" және "құпиясөз" (пароль) сөзін таңдайды екен. Адамдар құпиясөз ретінде есімдерді, көлік, спорттық команда және бренд атауларын да жиі пайдаланады.
Бір қызығы, кей адамдар құпиясөз ретінде сусын атауын қолданады. Мысалы, Ирландияда ең жиі кездесетін құпиясөз — "Guinness".
Зерттеу нәтижесі көпшілік қолданушы жеке мәліметтерінің қауіпсіздігін ойламайтынын көрсетеді. Киберқауіпсіздік бойынша сарапшылардың айтуынша, адамдар қарапайым құпиясөзді қолданумен байланысты қауіптерді әлі де түсіне бермейді.