- Негізгі бет
- Техно
- Назарбаев университетінің "Foundation"...
Назарбаев университетінің "Foundation" бағдарламасының емтиханы қалай өтеді?
Биыл Назарбаев университетінің құрылғанына 10 жыл толды. Еліміздегі беделді оқу орнына қалай түсу керек екенін бірі білсе, бірі біле бермеуі мүмкін. Осы сұрақ жөнінде "Жұлдыз FM" радиосының "Таңғы шоу" бағдарламасы жүргізушілері тыңдармандары қойған кей сұрақтарды аталған оқу орнының мамандарына жолдады.
"Назарбаев университетіне бір сұрақ" айдарында "Назарбаев университетіне түсу үшін дайындайтын Foundation бағдарламасына қабылдау үшін қандай емтихан тапсыру қажет?" деген сұраққа оқу орны қабылдау департаментінің бас менеджері Гүлден Шоқатова жауап берді.
"Foundation бағдарламасына түсу үшін екі емтихан тапсырады. Олар: Aptis және NUFYP Entrance Test. Aptis - ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын емтихан. Ол жазылым, оқылым, сөйлесім және тыңдалым деген 4 секциядан тұрады.
Емтиханның екінші кезеңі – NUFYP Entrance Test. Ол академиялық дайындықты тексеруге арналған. Емтихан сыни тұрғыдан ойлау, мәселелерді шешу дағдылары және математика бойынша білімді анықтайды.
Сұрақ саны - 60. Тесттің ұзақтығы – 120 минут. Бұған дейін әр аймақта емтихан өткізетін едік. Биыл коронавирус пандемиясының салдарынан онлайн-форматта өтеді.
Назарбаев университетінің ресми сайтына кіріп, тіркелуге болады. Онлайн-форматта өзіңіз жайлы сауалнаманы толтырып, поштаңызды қалдырасыз. Біз үміткерлермен пошта арқылы байланысқа шығып, тестке шақырамыз. Емтихан 2021 жылы өтеді. Жауап сәуір айында келеді", - дейді Гүлден Шоқатова.
Іріктеуге келесі санаттарға жататын талапкерлер қатыса алады:
- Орта білім беру ұйымдарының соңғы сынып оқушылары;
- Техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі және жоғарғы оқу орындарының білім алушылары;
- Орта, орта білімнен кейінгі және жоғары білімі бар адамдар.
APTIS – ағылшын тілі деңгейін анықтайтын тест.
- Оқу, грамматика және сөздік қорын тексеру
- Сұрақтар саны – 75
- Емтихан ұзақтығы – 55 минут
- Тест нысаны – бірнеше жауап нұсқалары бар сұрақтар
- Ең төменгі өту балы – 38
NUFYP Entrance Test – Назарбаев Университетінде білім алу үшін талапкердің академиялық дайындығы деңгейін анықтайтын тест.
Келесі пәндер бойынша білімі бағаланады:
"Математика" және "Сыни тұрғыдан ойлау және мәселелерді шешу дағдылары" – барлық мамандықтар үшін:
- Сұрақтар саны – 60
- Тест ұзақтығы – 120 минут
- Тест нысаны – бірнеше жауап нұсқалары бар сұрақтар
- Ең төменгі өту балы – 120, бұл ретте әрбір пәннен ең төменгі балл – 50. Мысалы: 50 балл + 70 балл = 120 – балл жалпы өту балын алу үшін пәндер бойынша балдардың ең төменгі қосындысы
- Емтихан нәтижесі 3 аптаның ішінде шығады.