Масктың гуманоид роботы мен ең жылдам суперкомпьютер – аптаның технологиялық дайджесті

Масктың гуманоид роботы мен ең жылдам суперкомпьютер – аптаның технологиялық дайджесті
Фото: gamingbible

Массагет порталы өткен аптадағы ең қызықты технология және ғылым жаңалықтарын тізіп, ұсынады.

© Tesla

Илон Масктың адам тәрізді роботтары

"Optimus" деп аталатын адам пішінді роботтарды шығару Tesla-ның биылғы ең маңызды жұмысы болмақ. Бұл туралы компанияның басшысы әрі негізін қалаушы Илон Маск инвесторлармен өткен бейнеконференция барысында айтты.

Болашақта робот өндірісі Tesla үшін автомобиль бизнесіне қарағанда маңыздырақ болуы мүмкін және Маск бұл жұмыс күші тапшылығын жеңуге көмектесетінін айтты.

Роботтың тұсаукесері алғаш рет 2021 жылдың тамыз айында өткен болатын. Оның бойы шамамен 173 см, салмағы 57 кг және 8 км/сағ жылдамдықпен жүре алады, 20 кг-ға дейінгі заттарды көтеру қабілеті бар.

Ол жасанды интеллект жүйесімен, сондай-ақ Tesla электромобильдерінде қолданылатын сенсорлар жиынтығымен жабдықталады деп жоспарланған. Роботтың бетін пайдалы ақпаратты көрсететін монитор алмастырады.

© IBM

Әлемдегі ең жылдам суперкомпьютер

Meta жасанды интеллект негізіндегі суперкомпьютер – Research SuperCluster (RSC)  жасалғанын хабарлады. RSC 2022 жылдың ортасында шығарылады деп жоспарланған. Бұл туралы компанияның сайтында жарияланған пресс-релизде айтылған.

“Біз 2022 жылдың ортасына қарай жасанды интеллект негізіндегі әлемдегі ең жылдам суперкомпьютерлерді толығымен дамытамыз және AI зерттеу суперкластерін көпшілікке таныстырамыз”, - делінген хабарламада.

RSC суперкомпьютері триллиондаған операцияларды орындай алатын, жүздеген тілде жұмыс істейтін, мәтінді, аудио және бейнені оңай талдауға, толықтырылған және т.б. ең жақсы жасанды интеллект үлгілерін орындауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Әзірлеушілердің пікірінше, RSC келесі ең үлкен есептеу платформасы – метаверс технологиясын құруға мүмкіндіктер ашады.

© Bloomberg

iPhone төлем терминалы ретінде де әрекет ете алады

Apple алдағы айларда iPhone телефонын төлем терминалы ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін функцияны енгізуі мүмкін, деп хабарлайды Bloomberg.

Қазіргі уақытта iPhone-ды сыртқы терминалға қосылған кезде ғана төлемдерді қабылдау үшін пайдалануға болады. Bloomberg-тің хабарлауынша, компания алдағы айларда операциялық жүйені жаңарту арқылы бұл мүмкіндікті iPhone-ның өзіне енгізуді жоспарлап отыр.

Бұл шешім Apple-ге төлем терминалдарының әлемдегі ең ірі өндірушісі Square-пен бәсекелесуге мүмкіндік береді.

© Bloomberg

Lamborghini толығымен электромобильдер шығаруға көшуді қалайды

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Lamborghini 2023 жылдан бастап іштен жанатын қозғалтқышы бар (тек бензинге арналған) автокөліктерді шығаруды тоқтатуды жоспарлап отыр.

Компания бастапқыда гибридті қозғалтқышы бар сериялы автомобильдерді ұсынатын болады. 2025 жылдан бастап толық электромобильдерге көшу жоспарлануда.

Автоөндіруші электромобильдер мен гибридтерді шығаруға көшуге 1,5 миллиард еуро бөледі.

© Джон Хопкинс университеті

Робот "хирург"

Джонс Хопкинс университетінің зерттеушілер тобы әзірлеген робот (Smart Tissue Autonomous Robot немесе STAR) шошқалардың жұмсақ тіндеріне лапароскопиялық отаны адамның қатысуынсыз дербес орындады. Бұл автоматтандырылған хирургияны өмірге әкелу жолындағы өте үлкен қадам ретінде бағалануда.

Университеттің Инженерлік мектебінің машина жасау кафедрасының доценті Аксель Кригердің айтуынша, робот төрт жануарға сәтті отая жасап үлгерген және бұл жұмысты адамдарға қарағанда әлдеқайда жақсы орындаған.

Т. Раушанұлы