2018 жылдың жазында NASA зерттеушілері Марстың оңтүстік полюсінде мұз бар екенін дәлелдеген болатын. Ал былтыр желтоқсан айында Қызыл ғаламшарда 15 жылдан бері зерттеулер жүргізіп жатқан “Mars Express” зонды Королев кратеріндегі мұз боп қатып қалған үлкен көлдің суреттерін Жерге жіберген еді.
"Mars Express" зонды көлдің 1,5 шақырым мұз астында орналасқанын және 20 шақырымға дейін созылып жатқанын анықтаған болатын. Бастапқыда судың құрамында натрий, магний және кальцийдің көп мөлшерде ерітілген тұздары себебінен су мұздамай тұр деген қорытындыға келген-ді. Қазір зерттеушілер мұз қабаты асты -65 градус болып, судың әлі күнге дейін не үшін сұйық күйінде тұрғанының жаңа себебін тапты.
Ғалымдар тұз жалғыз себеп болмауы мүмкін екендігін айтады. Болжамдарға қарағанда ғаламшардың ішіндегі жылу көзі болуы мүмкін, шындыққа жанасатын ең дұрыс нұсқа – ыстық жанартаулы магманың болуы. Ғалымдар Қызыл ғаламшардың бұрын жанартаулы ғаламшар болғанын біледі. Тек миллиондаған жыл бұрын ғана планета қазіргідей тыныш қалыпқа түскен. Сондықтан Марс ішінде әлі де сөнбеген жанартаулар болуы ықтимал.
Марстағы судың қатпағандығы бүгінге дейін жанартаулардың мүлдем сөніп қалмағандығын айғақтайды. Зерттеушілердің есептеуі бойынша, қажетті жылу мөлшерін сақтау үшін соңғы 300 мың жыл бойы жанартаудың белсенділігі сақталып, 10 шақырым тереңдікте магма жинақталған болуы мүмкін.
"Бұл Марс ішінде әлі де магмалардың сақталғандығын, ал ғаламшардың ішкі бөлігі біз айтқандай суық та өлі еместігін білдіреді" – дейді Марсты зерттеушілердің бірі Али Брансом.
Егер Марста шынында да судың көп мөлшерде барлығы анықталса, зерттеу миссиялары айтарлықтай жеңілдейді. Мысалы, Қызыл ғаламшарға ұшатын ғарышкерлер өздерімен бірге көп су алып кетпейтін еді. Өз кезегінде бұл басқа керекті жүктер үшін зымыранда бос орын болатындығын білдіреді. Сондай-ақ, егер Марс ішінде жылу болса кезі келіп Марсқа ұшушылар алғашқы өзге ғаламшарлықпен де кездесіп қалуы ғажап емес.
Айта кетейік, осыған дейін біз Марста кейде мұздың еруінен судың болуы мүмкіндігін, бірақ ғаламшардағы төмен қысымға байланысты оның көп өтпей буланып жоқ болып кететінін және Қызыл ғаламшарда тұрақты түрде су бар екенін дәлелдейтін суреттер туралы жазған едік.