Кез келген ел үкіметінің басты мәселелерінің бірі жұмыссыз азаматтарын еңбекке баулу екені белгілі. Бұл үдеріс күн өткен сайын қиындап келеді. Себебі білікті мамандардың жұмысын атқара алатын бағдарламалар (Robotic Process Automation) еңбек нарығына шығарылып жатыр.
Қысқартылған нұсқамен RPA деп аталатын электронды робот үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеумен айналысатын компаниялар арасында сұранысқа ие. Айта кетсек, Еңбек нарығында Kcell, Beeline сынды мобильді байланыс операторлары немесе әртүрлі қаржы институттарында клиенттермен күнделікті жүргізілетін операциялар туралы ақпаратты игеріп отыратын он маманды бір ғана RPA бот ауыстыра алады.
Аталмыш боттарды әлемдік нарықта Blue Prism, Automation Anywhere және UI Path компаниялары ұсынып отыр. Интернеттегі қолжетімді ақпараттарға сүйенсек, ең қарапайым операцияларды атқаратын боттың бағасы бір жылға 1200 АҚШ долларынан басталады екен.
Алғашқы қадам
Ernst&Young корпорациясының Қазақстандағы бөлімшесі елімізде алғаш рет қызметі автоматтандырылған бағдарламаларды жұмыс барысына енгізіп жатыр. "Автоматтандырылған робот кеңседегі хатшының күнделікті қарапайым міндеттерін атқара алады. Ол үшін бағдарламаны арнайы компанияның ақпарат базасына бейімдеп, белгілі бір алгоритм көмегімен қызметтің моделін жасау керек", – дейді Ernst & Young корпорациясының аудиторлық кеңестер беру бойынша маманы Алексей Шмуратко.
Шмуратко мырзаның айтуынша, IQ боттар әзірге толықтай маманның орнын баса алмайды. Әйтсе де, белгілі бір бағдарламамен қамтылған веб роботтар адамға қарағанда он есе жылдам жұмыс істейді. Оны базаға енгізу үшін бағдарламашы болу міндетті емес.
E&Y корпорациясының бизнестің тиімділігін арттыру бойынша маманы Александра Черникованың ақпаратына орай, АҚШ, Аустралия, Канада және Еуропаның дамыған елдеріндегі ірі компаниялар мұндай бағдарламаларды жұмыс үдерісіне әлдеқашан енгізіп үлгерген. Бұл бизнес иелерінің табысқа жету жолындағы ең тиімді шешімі болып отырғанын айтады. "Десе де, қызметтегі азаматтар жаппай жұмыстан шығарылып жатқан жоқ. Біз де RPA боттарын іске қосып жатқандығымызбен, қызметкерлердің біршама бөлігінің кәсіби біліктілігін қайта арттырып, басқа да салаларға баулу процесін бастаймыз", – дейді ол.
Amazon тәжірибесі
Әлемдегі ең бай азаматтардың тізімінде үнемі алдыңғылар қатарынан көрінетін Джефф Безос табыстың көлемін одан әрі көбейту үшін қызметкерлерін ақылды роботтармен ауыстыруды жөн көрген. Осы мақсатпен миллиардер 2012 жылы қоймада қызмет ететін роботтарды құрастыратын Kiva Systems компаниясын сатып алады. Кейінгі үш жылда Amazon компаниясының қоймаларындағы қызметкерлер саны 50 мыңға азайып, орнына 30 мың робот автоматтандырылады.
Business Insider ақпаратына сүйенсек, компания қоймасындағы робот сағатына 7,5 шақырым жылдамдықпен қозғалып, салмағы 280 килограмға дейінгі тауарларды тасымалдай алады. Бүгінгі күнде, бір робот бес қызметкердің еңбегін атқарып жүр.
Бұл еңбек нарығындағы темір роботтың басымдылығын дәлелдейтін мысалдардың бірі. Ал интернеттегі қызмет көрсетуді автоматтандыру ақылды роботтардың нәтижесінен бірнеше есе үдеріспен модернизацияланып үлгерген. Демек қызмет көрсету салаларында жұмыссыздар саны одан әрі арта түседі.
Кімге тиімді?
Бизнесін жүргізіп отырған азаматтар үшін "электронды қызметкерлерді" жұмысқа алу өте тиімді. Нақтылай кетсек, IQ боттар тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн тоқтамай еңбек ете алады. Сонымен қатар, аталмыш бағдарлама еңбек демалысын сұрамайды және оның ешқашан көңіл-күйі төмен болмайды. Бұл еңбек өнімділігін еселеп арттыратыны анық.
"Қазіргі таңда біз бағдарлаларды модельдеумен айналысып жатырмыз. Компания қызметкерлері жұмысының қанша пайызын роботтар жасап жатқанын айту қиын. Себебі ол әртүрлі саладағы процестерге байланысты. Мысалы, компания клиенттерінің банк арқылы жасаған төлемақыларын сканерлеп, оны базаға енгізу, төлем жасап үлгермеген клиенттерге пошта арқылы ескерту жазу сынды операцияларды боттар 98 пайызға дейін ешкімнің көмегінсіз атқара алады", – дейді Черникова ханым.
IQ боттардың электронды кодтарын жазумен айналысатын компаниялар әзірге өзін-өзі дамыта алатын жүйені құрастырып үлгермегенін айтады. Дегенмен, жақын болашақта бұл идея да жүзеге асатыны белгілі. Себебі нарықта сұранысқа ие. Ал боттар өз мүмкіндігін өзі арттыра алса, жұмыс процесі де арта бермек. Демек табыс пен жұмыссыздар саны да ұлғая түседі деген сөз.
Жолдас Өрісбай