Қытайлар ғарышқа жасанды "Ай" шығармақшы

Қытайлар ғарышқа жасанды "Ай"  шығармақшы
Фото: hi-news.ru

Қытайдың Сычуан провинциясының Ченду қаласындағы үкімет басшылары ғарышқа Айдың жасанды нұсқасын шығаруды жоспарлап отыр. Жергілікті БАҚ өкілдері қытай инженерлеріне сілтеме жасай отырып, жарық шашатын Айдың нұсқасы 2020 жылдарға қарай ғарышқа ұшырылатынын хабарлады. 

Аталған жоба бойынша жұмыс бірнеше жылдан бері жалғасып келеді және оны іске асырудың негізгі кезеңіне жетті. Жасанды "Ай" Жер серігіне қарағанда 8 есеге артық жарық шашады және болашақта Чэнду қаласының көшелерін жарықпен қамтамасыз ететін болады.

Инженерлердің айтуынша, жасанды "Ай" түнде 10-80 шақырым радиусті жарықпен қамтамасыз ете алады. Құрылғы жарықты керекті аймаққа бағыттайтын өте күшті рефлексиялық элементке ие. Жасанды Жер серігі қашықтан басқарылатын болады. Құрылғы тек Чэнду қаласына жарық шашатындай етіп бағдарламаланған.

Жасанды "Ай" туралы толық ақпарат әзірге жоқ. Алайда, инженерлер мен шенеуніктердің айтуынша, бұл технология көше жарықтандыруға жұмсалатын электр энергиясын үнемдейді. Бұдан басқа, жоба авторлары оны тамашалау үшін қалаға туристердің ағылуына да сенімді.

Жоба авторлары жергілікті тұрғындар көшеде түннің әдемілігін сезіну үшін түнгі жарықтандыру өте қатты болмайтынын айтады. Жарықтандыру деңгейі көшелер арқылы еркін қозғалуға және объектілерді ажыратуға жеткілікті болады. 

Қытай мамандары бұл жарық жануарлар мен құстардың түнгі өміріне әсер етпейтінін айтады, бірақ экологтар бұл мәселе бойынша әртүрлі пікірлерге ие. Сонымен қатар, кейбір сарапшылар мұндай қондырғы жергілікті тұрғындардың биологиялық өмір сүру ырғағын бұзатынына алаңдаулы. 

Жасанды "Айды” жасауға деген шабытты жоба авторлары француз суретшісінің идеясынан алған. Француз суретшісі ғарышқа бірнеше айнаны шығарып, ол күнге шағылысу арқылы түнде Париж көшелерін мәңгілікке жарықтандырады деген екен.

Айта кету керек, 90-шы жылдары Ресей жасанды күн сәулелерін жасау бойынша осыған ұқсас эксперименттер жүргізген. Басында үш эксперимент жүргізу жоспарланған, бірақ оның біреуі ғана табысты болған. Екіншісі сәтсіздікке ұшыраса, үшіншісін жасауға мүмкіндік болмаған. Осыдан соң бағдарлама жабылып қалған екен. 


Сәтті болған тәжірибе “Знамя 2” миссиясы деп аталған. “Прогресс” зымыранына ұзындығы 8 шақырымға дейін созылушы күн сәулесін шағылыстыратын материалдан жасалған құрылғыны орналастырып, оны “Мир” айлағынан ұшырған. Құрылғы ғарышқа сәтті шығарылып, секундына 8 шақырым жылдамдықпен Оңтүстік Франциядан Батыс Ресей траекториясында қозғалған.

Осыдан соң мамандар "Знамя-2.5" атты тәжірибені өткізуді қолға алған. Ол бойынша 25 метрлі күн сәулесін шағылыстырушы құрылғы ғарышқа шығарылып, диаметірі 7 шақырымдық нүктені жарықтандыруы керек еді. Бірақ оны ғарышқа ұшыру сәтсіз болған. Алғашында құрылғы зымыран антеннасына ілініп қалып, осыдан соң "Прогресс М-40" зымыраны мұхитқа құлаған. 

Кейбір сарапшылар мұндай қондырғылар теориялық тұрғыдан алғанда қолдануға болатынын айтады. Мысалы, жасанды жарықтандыруды жарық түспейтін апаттық аймақтарда және ауыл шаруашылығында өнім алу мерзімін ұзартату үшін қолдануға болады.

Т. Раушанұлы