Қытайдың "Чанъэ-4" ғарыштық аппараты адамзат тарихында алғаш рет Айдың көрінбейтін бетіне қонып, зерттеулер жүргізе бастағанын жазған едік.
Енді ҚХР жергілікті телеарналары зонд бортында Micro Ecosystem мини-биосферасын құру тәжірибесі негізінде Айда алғаш рет мақта өсіп шыққанын жарыса мәлімдеуде.
Lunar Micro Ecosystem ұзындығы 18 сантиметр ені 16 сантиметрлік целиндр пішінді құрылғы. Оның ішінде мақта, рапс (суыққа төзімді капуста тектес шөптесін өсімдік), картоп және биологиялық зерттеулер үшін үлгі организм ретінде пайдаланылатын Arabidopsis thaliana деп аталатын өсімдіктердің тұқымы бар.
Сонымен қатар, контейнер ішінде шыбындардың жұмыртқалары орналастырылған. Олар жарып шыққаннан кейін өсімдіктерге қажет болатын карбонат ангидрид газын бөліп шығарады.
Ғалымдардың пікірінше, бұл үдеріс біздің ғаламшарымызға ұқсас, бірақ төмен гравитация жағдайында жабық мини-биосфера ішінде өтетін құбылыс.
Тірі ағзалардың пайда болуы мен өсуін бақылайтын шағын камера түсірген суреттен мақта тұқымдарының тек біреуінің өсіп шыққандығын көруге болады.