- Негізгі бет
- Техно
- Қытайдың ірі смартфон...
Қытайдың ірі смартфон өндірушілері
Бүгінгі таңда қытай смартфондары әлемді жаулай бастады. Назарыңызға қытайдың бірнеше ірі смартфон өндірушілерін ұсынамыз.
Alcatel One Touch
2013 жылы қытайлар TCL-ді француздардан сатып алып, оны Alcatel OneTouch деп өзгертті. Содан бері компания смартфон өндірісін ұдайы ұлғайтып келеді. Бүгінгі таңда Alcatel One Touch смартфондар өндірісі бойынша әлемде оныншы, ал Қытайда жетінші орында. Кейін аталмыш компания Palm брендін сатып алды, ол 2014 жылы АҚШ пен Канадада танымал болды. 2018 жылы сол брендпен смартфондар шығара бастады.
Coolpad
Бұл компания 1993 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Оның смартфондары негізінен ішкі нарықта сатылады. Қытайда сатылатын смартфондар бойынша ол Xioami мен Lenovo-дан кейінгі үшінші орында. Компанияның өнімдері Еуропада да сұранысқа ие.
Gionee
Кейінгі жылдары Gionee жылына 25 миллион смартфон шығарып жүр. Бұл жылына 400 миллион смартфон жасап сататын Samsung компаниясының қасында әлдеқайда аз боп көрінуі мүмкін. Бірақ ол өсуін тоқтатқан жоқ және келесі жылы смартфон өндірушілер арасында алғашқы бестікке енуді мақсат етіп отыр. Gionee Қытайдан басқа Үндістан нарығының едәуір бөлігін жаулап алған.
Huawei
Huawei – бірнеше жылдан бері Samsung пен Apple-дан кейінгі дүниежүзі бойынша үшінші ірі смартфон өндіруші. 2019 жылға қарай жағдай өзгеріп, компания бірінші рет Apple-дан озып, смартфон өндірісі мен сатылымында екінші орынға көтерілді. 2020 жылдың екінші тоқсанындағы есеп бойынша Huawei смартфон сатылымы бойынша Samsung-ты да басып озып, әлемде бірінші орынға шыққан.
Lenovo
Lenovo 1983 жылы басқа атпен құрылып, 2003 жылы Lenovo деп аталған. Ол жылдар бойы дербес компьютерлер мен ноутбуктер шығаратын жетекші өндірушілердің бірі болды. Lenovo 2013 жылы смартфон шығара бастады, ал 2014 жылы Motorola-ны АҚШ-тың Google концернінен 2,9 миллиард долларға сатып алады. Содан бері смартфон өндірісін кеңейтіп, қазір смартфон өндірушілер арасында 9-шы орында тұр.
OnePlus
OnePlus-ты 2013 жылы Oppo-да вице-президент болып қызмет еткен Пит Лау құрды. Компания тез арада смартфондар нарығында өз орнын алып үлгерді. OnePlus Қытай нарығында ғана емес, Үндістан нарығында да танымал. Бүгінде оның өнімдері АҚШ-та да сатыла бастады. Осы компания шығарған OnePlus 7 Pro смартфоны 2020 жылы шығарылатын ең үздік 7 смартфон тізіміне енген.
Oppo
Oppo да салыстырмалы түрде жас. Ол 2001 жылы құрылды. 2011 жылы компания өзінің алғашқы смартфондарын шығара бастады. 2013 жылы халықаралық нарыққа шықты. Ал 2019 жылы 120,2 млн смартфон сатып, жалпы нарықта бесінші орынды иеленді. Биыл 5G желісін дамыту бойынша Еуропадағы ірі ұялы байланыс операторларының бірі Vodafone-мен ынтымақтастық туралы келісім жасады.
Tecno
Tecno 2006 жылы құрылған. Оның басқалардан айырмашылығы – барлық компаниялар дамыған елдегі нарықты жаулап алуға ұмтылған кезде, ол Африка нарығын жаулап ала бастады. 2012 жылы алғашқы смартфон шығарған компания өнімі Қытайға қарағанда Африкада, сондай-ақ Үндістан, Пәкістан және Бангладеш сияқты елдерде танымал болды. Айтпақшы, TECNO Mobile ағылшындық Манчестер Сити командасымен серіктестік туралы меморандумға қол қойған. Бүгінгі таңда компания Қытайдағы смартфон өндірушілердің ондығына кіреді.
Xiaomi
Xiaomi 2010 жылы құрылғанымен, бүгінде ол Қытайдағы ғана емес, әлемдегі ең ірі смартфон өндірушілерінің бірі. Xiaomi-дің аз уақытта жетістікке жетуіне компанияға 2013 жылы Google Android-тің бұрынғы вице-президенті Уго Барраны жұмысқа алуы себеп болды. 2017 жылға дейін бразилиялық маман Қытайға және бүкіл Азияға арналған өндіріс бөлімін басқарды. Бүгінгі таңда Xiaomi өнімін бүкіл әлемге сатады. Компания смартфондардың әлемдік нарығында өзінің өндірістік қуатын және нарықтағы үлесін жылдан жылға арттырып жатыр. Ол 2019 жылы әлемдегі смартфон өндірушілері мен сатушылары арасында төртінші орынға ие болды.
ZTE
ZTE АҚШ-қа смартфон жеткізушілер арасында 4-ші орында. 2016 жылы компания Қытайда смартфондардың өндірісі мен сатылымы бойынша 5-ші, әлемде 8-ші орынға ие болған.
Жоғарыда аталған компаниялар Қытайдағы ғана емес, сонымен қатар әлемдік смартфондар нарығындағы үздік компаниялар. Бұлардан бөлек Қытайда көптеген орта және шағын компаниялар смартфон өндіреді. Сарапшылардың пікірінше, Қытай алдағы жылдары әлемдік смартфон нарығында абсолют көшбасшы бола бастайды. Кейінгі жылдары құрылған және қазіргі кезде смартфон нарығында өз орнын табуға тырысып жатқан жаңа компаниялар да оған айтарлықтай үлес қосады.
Олардың қатарына Vivo, Meizu, Umi, Elephone, Smartisan, Mlais, No1 сияқты смартфон өндірушілер бар.
Т. Раушанұлы