Қазір әлем мобильді байланыстың 4G нұсқасын пайдаланып жүр. Ол ешкімге таңсық емес болып қалды. Дүниежүзінде тек Қытай мен Оңтүстік Корея ғана 5G-ге өтті. Әлемнің дамыған елдері – АҚШ, Ұлыбританияның кейбір қалаларында ғана аталған озық технология іске қосылған.
5G қоршаған орта мен жәндіктерге тигізетін зияны мол екенін дабыл қағып бір топ ғалымдар оған қарсы петиция жариялағанын жазған едік. 5G тұтынушыларға қалай әсер ететіні әлі түсініксіз. Әлем халқы 5G технологиясына көшпей тұрып, Қытай 6G технологиясын жасауды қолға алды. Бұл туралы ҚХР ғылым және технология министрлігінің сайты хабарлады.
Қытай ғылым және технологиялар министрлігі 6G жаңа буын стандартын зерттеу және әзірлеу үшін жұмыс топтарын құруға тапсырма берді.
Бұл Даму және реформалар министрлігі, Білім министрлігі, Өндіріс және ақпараттық технологиялар министрлігі, Қытай ғылым және табиғатты пайдалану академиясы және елдің Ғылым қоры қатысқан жиында айтылған.
Жұмыс тобына Мемлекеттік департаменттің өкілдері, сондай-ақ 37 университеттің, ғылыми-зерттеу институттары мен кәсіпорындардың сарапшылары кіреді.
Кездесуде сарапшылар 6G стандарты үшін ең перспективті идеялар мен шешімдерді ұсынды. Қытай үкіметі ғалымдар мен әкімшілік шаралардың көмегімен маңызды ұялы технологияда айтарлықтай жетістіктерге жетуді жоспарлап отыр.
5G – мобильді жүйенің келесі сатысы. Ол жоғары жылдамдықтағы интернетке, жүргізушісі жоқ көліктер мен виртуалды шындыққа мүмкіндік береді. Қытай бұл жүйені белгіленген уақыттан бір жыл ерте енгізіп, өткен айда 5G жүйесін қосқан еді.