- Негізгі бет
- Техно
- Қытай ғалымдары ыстық...
Қытай ғалымдары ыстық ауа райында денені салқындататын мата ойлап тапты
Хуажун ғылым және технологиялар университетінің ғалымдары күн сәулесінен қорғайтын және ыстық ауа райында адамдар мен заттарды салқындатуға қабілетті ақылды мата ойлап тапты.
"Метамата" деп аталатын мата полилактид пен оның талшықтарының арасына салынған титан диоксиді нанобөлшектерінен тұрады, қалыңдығы небары 550 микрометр немесе 0,55 мм.
Матадағы химиялық қосылыстар денеге инфрақызыл сәулеленуді сіңіріп, оны сыртқы ортаға шығаруға мүмкіндік береді.
Алғашқы екі компонент ультрафиолет және көрінетін жарықты көрсетсе, үшіншісі инфрақызыл сәуле шығарады.
"Өзінің ерекше құрылымының арқасында мета мата орта инфрақызыл диапазонда идеал сәуле шығаруды қамтамасыз етеді және жылуды барынша сыртқа шығарады", - деді жоба жетекшісі Гуанмин Тао.
Ғалымдар матаны еріктілерге кигізіп сынап көрген. Қатысушылардың бірі жартылай мақтадан және жартылай метаматадан киім киіп, күн астында бір сағат тұрған. Тиісті өлшеулер метамата астындағы дененің төменгі бөлігінің температурасы 31 градусқа, ал мақта матасын киген дене 37 градусқа қызғанын көрсеткен.
Ғалымдар кейін үш көлікке тажірибе жасаған. Оның біреуін мета матамен, екіншісі қарапайым матамен, ал үшіншісін жай ғана күн астына қалдырған. Екі сағаттан соң, метаматамен жабылған көлік салоны 30 градусқа, қарапайым матамен жабылған көлік іші 57 градусқа, үшінші көлік 60 градусқа қызған.
Әзірлеушілер кейбір киім өндірушілер өз жобаларына қызығушылық танытып үлгергенін хабарлады. Олар салқындатқыш шүберектер нарықта бір жыл ішінде қол жетімді болады деп үміттенеді.
Авторлар мұндай матаны шығаруға арналған шығындар дәстүрлі маталарға қарағанда 10 пайыз ғана қымбат болатынын айтты.
"Біз жаңа маталарды сериялы түрде шығара аламыз. Демек, әр адам одан жасалған киімді дәстүрлі матадан тігілген киім бағасына сатып ала алады", - дейді ғалымдардың бірі.
Айта кетейік, ZTE компаниясы YouCare деп аталатын смарт футболканы ойлап тапқанын хабарланған болатын. Ол адам ағзасындағы маңызды биологиялық процестерді тіркеп, оларды 5G желісі арқылы таратады. Оның матасына денеге сезілмейтін бірнеше полимер датчик тігілген, олар денсаулықтың маңызды параметрлерін бақылайды. Тыныс алу, электрокардиограмма, тер шығару, бұлшықет белсенділігі және басқаларды анықтайды.
Т. Раушанұлы