Қытай мемлекеті 2020 жылы Марсқа экспедиция жіберуді жоспарлап отыр.
Global Times басылымының мәліметінше, Қытай билігі бұл миссия үшін Марста жүрігу арналған құрылғының дайын екенін хабарлаған. Жоспар бойынша аппарат Қызылжұлдыздың орбитасында айналып, артынша оның беткі қабатына қонып, зерттеу жүргізеді.
Миссияның басты мақсаты — Қызыл ғаламшардан тіршілікті іздеу. Сондай-ақ зерттеу барысында ғалымдар болашақта Марста өмір сүруге ыңғайлы етіп жасауға болатын-болмайтынын анықтап көреді.
Бұған дейін Қытай ғарыш агенттігі инженерлері “Чанъэ-4” зонды Айдың арғы бетіне сәтті қонып, зерттеулер жүргізе бастағанына көзі жеткесін, үш өлшемді (3D) баспа технологияларын қолданып Ай бетінде база құрылысын салуды жоспарлап отырғанын жазған болатынбыз.
Мамандардың айтуынша, Жер серігіндегі мұндай құрылыс нысаны болашақта Қызыл ғаламшарда 3D принтері көмегімен құрылыс нысандарын салу алдындағы дайындық болады екен. Яғни Айдағы құрылыс сәтті болса, оның кем-кетігін ескеріп, болашақта ғалымдар Марс бетінде қалалар салмақшы.
Қытай инжерлері Айдағы құрылысты осы жылдың соңында, “Чанъэ-5” зонды қонғаннан кейін бастайтынын мәлімдеді. Қытай сарапшылары аталған құрылыс нысандарын салу онша қымбат болмайтынын есептеп шыққан. Мысалы, Айда бір үй тұрғызу қаражаты Жерде 1 шақырым туннель қазу қаражатымен тең екен.