- Негізгі бет
- Техно
- Күн жүйесіне жұлдызаралық...
Күн жүйесіне жұлдызаралық комета "қонаққа" келді
NASA ғарыш агенттігінің Хаббл телескобы 2I/Borisov атты жұлдызаралық комета туралы тың деректерді ұсынды. Аспан денесінің жылдамдығын есептеп оның Күн жүйесіне ғарыштың арғы түкпірінен келгенін анықтауға болады. Бұл құйрықты жұлдыз туралы деректер ғарыш әлемі мен заманауи ғылымға қалай әсер етеді?
Ғарыш түбінен келген құйрықты жұлдыз
2017 жылы адамзат баласы алғаш рет Күн жүйесіне қонақтап келген жұлдызаралық кометаны байқаған. Ғалымдар Күннен 38,5 миллион шақырым қашықтықта (Меркурий Күннен 58 миллион шақырымда орналасқан) ұшып өткен құйрықты жұлдызға "Oumuamua" деген атау берді. Кейін белгілі болғандай бұл аспан денесі кәдімгі жартас болып шықты. Ал 2I/Borisov – өзге жұлдыз жүйесінен келген толыққанды құйрықты жұлдыз. Адам баласы байқаған екінші жұлдызаралық кометаның заманауи ғылымға әсері мен берері көп. Оны зерттеу арқылы Күн жүйесінен өзге жүйедегі ғаламшарлардың түзілуі, химиялық құрамы және планеталық құрылыс шаң-тозаңдарының түсінігін қалыптастыруға негіз болады.
NASA агенттігі ұсынған Хаббл телескобы түсірген 2I/Borisov кометасының фотосуреті
2I/Borisov кометасы Күнді айнала ұшып жүр. Дегенмен уақыт өте біздің жұлдыздан алшақтап келеді. 2020 жылдың ортасында құйрықты жұлдыз шамамен 500 миллион шақырымда Юпитердің маңынан өтіп, қайта жұлдызаралық кеңістікке ұшады. Келесі жұлдызды жүйеге жету үшін аспан денесі әлі миллиондаған жыл серуендейді.
Кометаның жылдамдығы сағатына 177 мың шақырымды құрайды. Дегенмен ғалымдар Хаббл телескобының оны түсіруге қауқарлы екенін айтады. Осыған дейін зерттелген кометалардың басым бөлігі Күн жүйесін қоршаған Оорта бұлтының (Нептун орбитасынан кейін орналасқан Койпер белдеуі) мұз бөлшектерінің сақинасынан түзілген. Борисов пен Оумуамуа кометалары ғылымдағы жұлдызаралық құйрықты жұлдыздардың жаңа түсінігін қалыптастыруға негіз болады. Күн жүйесіне тұрақты келетін жұлдызаралық кометалардың басым бөлігі әлсіз болғандықтан оларды зерттеу қиынға соғатын. Бұл жолы ғалымдарға сәттілік жолдас болды деуге келеді.