- Негізгі бет
- Техно
- "Құлтемір дәуірі жақын..."...
"Құлтемір дәуірі жақын..." Жасанды зерде адамзаттың орнын баса ала ма?
Кейінгі уақытта жасанды интеллектуалды жүйелер – нейрондық желілердің сәтті жұмыстары қоғамда қызу талқылана бастады. Технологияның жілігін шағып, майын ішкен мамандар "жұмыс істейтін жаңа құралдар пайда болды" деп қуанса, "жаны жоқ машиналар біраз адамды жұмыссыз қалдыратын болды" деп қапаланатындар да жоқ емес. Көкейде сауал көп. Адамзат баласы шынымен, жасанды ақыл жасап шығарғаны ма?
Midjourney нейрондық желісі берілген нұсқау бойынша иллюстрация жасап шығаруды жақсы меңгерген, – деп жазады iapn.kz. Суреттердің сәтті шығатыны соншалықты, жақын арада қымбат қаламақы сұрайтын суретшілердің керексіз болып қалуы ғажап емес. Одан бөлек, мәтін майталмандары – копирайтерлер қауымын алмастыруға қауқарлы нейрожелі де пайда болған көрінеді. Өйткені ChatGPT нейрожелісінің мәтін жазудағы аяқ алысы біраз адамды таңдай қақтыруда.
ChatGPT желісіне "Сезім мен эмоцияны сезіне аласың ба" деген сұрақ қойдық.
Жасанды зерденің жауабы мынадай болды:
"Компьютерлік бағдарлама ретінде ақыл-есім болмағандықтан, сезім мен эмоцияны сезінбеймін. Құрастырушым жасаған алгоритм мен ережелерді қолдана отырып, тапсырмаларды орындаймын, сұрақтарға жауап бере аламын. Мәтінде қандай сезім мен көңіл күй жатуы мүмкін екенін түсіну үшін тілді кейбір техникалар арқылы өңдей аламын, алайда өзім эмоция сезінбеймін және эмоциямды көрсете алмаймын".
Құлтемірде сезім болмаса да, оның тапсырманы орындау қабілеті таңдай қақтырарлық.
Дегенмен, өнертанушылардың сөзінше, Midjourney де, соған ұқсас басқа нейрожелілер де тірі суретшілерді алмастыра алмайды. Себебі тек адамның ақыл-ойы ғана туындыға сезім мен энергетика беріп, қиял қосады.
Өнеркәсіп өнімінің дизайнері Руслан Газиевтің пікірінше, нейрожелілердің пайда болуы эволюциялық үрдіс, нәтижесінде кім мықты, сол жеңіске жетеді.
Нейрожелілерді қалай қолдану керек екенін білген адамның біраз жұмысы жеңілдер еді. Ол дизайнерлерге, программистерге, копирайтерлерге жақсы көмектесе алады. Біздің саламызда нейрожелілер нысандарды анықтап, тануымызға көмектеседі. Кейбір суретшілер Midjourney олардың нанын тартып ала ма деп қорқатын сыңайлы, алайда бұл – бос сөз дер едім. Олар ең дарынды, ең сұранысқа ие мамандар ғана сұрыпталып қалатынын түсінеді, ал ортанқол мамандар шетке ысырыла бермек. Ақылды адам онсыз да жағдайға сай бейімделу керектігін түсінеді, - дейді дизайнер.
Шынтуайтына келсек, бұл адамзат тарихында жаңалық болмауы тиіс еді. Өйткені XIX ғасырда киім фабрикада өндіріле бастады, ол тігіншілердің эксклюзивті, сирек кездесетін киім ойлап табуларына ықпал етті. Ал компьютердің пайда болуы машинистерді жұмыссыз қалдырғаны рас, олар жаңадан білім алып, басқа жұмыс іздеп кетті.
Адамзат Құдаймен теңесе ала ма?
© Adobe Stock
Жасанды зерденің пайда болуы рухани тұрғыда қалай бағаланады? Нейрожелілер математикалық үлгіде болса да, қаңқасында адам баласының жүйке жүйесі жатыр. Демек, адам өзі секілді жасанды зерде ойлап тауып, Құдаймен теңесті деуге бола ма? Кейбір діндарлардың ойынша, бұл техниканың иесі – Құдай емес. Ендеше, ақиқат қайсы?
Біз бұл сұрақты дін қызметкерлеріне қоюды жөн санадық.
Алматы православиелік рухани семинариясы ректорының орынбасары Артем Соловьевтің сөзінше, технологияның дамуында ібіліске тән дәнеңе жоқ. Ол бар мәселе құралдың қай бағытта қолданылатынына байланысты дегенді баса айтты.
Раскольников қолындағы балтамен өзіне қарыз болып қалған кемпірге ағаш жарып берсе де болар еді, бірақ, ол құралды басқа мақсатта қолданды, - деп мысал келтірді Соловьев.
Оның сөзінше, адам таңдау жасап, шығармашылықпен айналыса алады. Материалды әлем адамды өмір сүруді жеңілдететін құралдар ойлап табуға итермелейді.
Осының бәрінде адам өз шеңберінен аттап шыға алмайды. Шіркеу қызметкері Павел Флоренский барлық құралды "органопроекция" терминімен сипаттаған. Мысалы, адамның дөңгелек затқа сыйып кете алуы уақыт өте келе дөңгелектің пайда болуына әкелді. Балтаға қайта оралар болсақ, ол – адамның қолының жалғасы, - деп түсіндірді Соловьев.
Құлтемір нені түсінбейді?
© Pixabay / Pixabay/Gerd Altmann
Соловьевтің сөзінше, нейрожелілер – іздеуге арналған онлайн-жүйелерден кейінгі келесі қадам. Жасанды зерде құру арқылы адам баласы өзіне ұқсайтын нәрсе ойлап табуға ұмтылуда. Дегенмен, машина қалай болғанда да оны құрап шығарған адамның билігінен аса алмайды.
Интеллект, яғни зерде мен ақыл-ойды алар болсақ, екеуі екі бөлек нәрсе. Зерде ақпаратты өңдейді. Ақыл-ой арқылы сараптама жасауға болады. Ақыл-ой ақпараттың қаңқасын құрып, болжамдар шығарады, қателеседі. Бұл зердеге де тән. Бұның барлығын машинаға салу мүмкін емес. Жасанды зердеде сезім де, ерік те жоқ.
Адамға ұқсас қандай нәрсе ойлап тапсақ та, ол бәрібір нұсқау бойынша жұмыс істейді. Егер ол жүйеге "өз-өзіңе тапсырма ойлап тап" десек, желі адам жасаған нәрседен асып ештеңе істей алмайды. Ғаламторға адам жүктеген миллиондаған терабайт ақпараттан басқа ештеңе ойлап таба алмайды. Ақыл-ес – шығармашылық қабілет, - деді Соловьев.
Демек, нейрожелілер адамды кей салаларда алмастыруы мүмкін. Мысалы, дизайн, рерайт жұмыстарында адам орнында қызмет жасай алады. Қазіргі таңда зауыттарда құлтемірлер кейбір жұмысшыларды жартылай алмастырғаны рас. Бірақ Жер бетінде жаңа ақыл-ой иесі пайда болады немесе "машиналар көтерілісі болуы мүмкін" деп болжауға негіз жоқ.
Үрейлі сұрақ
Жақында қазақстандық әлеуметтік желілерде нейрожелі жасап шығарған суреттің репродукциясы тарады. "Жасанды желі енді суретші адамдардың орнын баса ма" деген сауал көптің көкейінде жылт етті.
Жауап та әртүрлі.
Екатерина Резникова, өнертану ғылымдарының кандидаты: "Бұл сұрақ соңғы кездері көпті толғандыруда. Тіпті, қорқытуда десем де болады. ЖЖ-ның (жасанды желі, - ред.) қарқынды дамып жатқаны соншалықты, ол тіпті еңбек нарығындағы кей мамандықтарды шетке ысырып, адаммен бәсекелесе бастады. Менің ойымша, рухани жан дүние, сезіне білу тек адамға тән. Өнер мен шығармашылықты бұларсыз елестету мүмкін емес".
Ольга Батурина, өнертану профессоры: "Менің жауабым – баса алмайды! Өйткені өнер дегеніміз сыртқы дүние жайлы емес, өнер ішкі, жұмбақ әлем туралы. Өнерде мағына бар. Жасанды желінің қорын адамдар жасаған, ол адамның меншігінде. Бірақ "шабыт" деген басты нәрсе жоқ. Суретшіге тән ішкі түйсік, кейде тіпті суретшінің өзіне де беймәлім дүние".
Герман Зубов, өнер сыншысы: "ЖЖ өзін "суретші" деп атап жүрген 99,99% адамды алмастыратынына еш күмәнім жоқ. 0,01%-ы ғана сұранысқа ие болады, жаңа дүние жасауға қабілетті жандар ғана өз орнында қала бермек".
О. Сансызбай