- Негізгі бет
- Техно
- "Корольдік айқас": Үздіктер...
"Корольдік айқас": Үздіктер топтамасы
Соңғы уақытта "корольдік айқас" жанрында жасалған ойындар үлкен танымалдыққа ие болып келеді. Тіпті, PUBG немесе Fortnite ойындары киберспорттың негізгі тәртібіне айналды.
Миллиондардың жүрегін жаулаған бұл ойындар да бір-бірінен өзгеше. Біреулер Playerunknown’s Battlegrounds ойынын үздік десе, енді біреулер Apex Legends бұл жанрдың шыңына жетті деп есептейді. Назарларыңызға "корольдік айқас" жанрында жасалған үздік 5 ойынды ұсынамыз.
Fortnite: Battle Royale
Осы жанрдағы ең ерекше ойынның бірі. Үлкен аралдар, қалалар, ұшатын автобустар — бәр осы ойында. Қару-жарақтың түрлісі бар. Әдемі әрі көңілді ойын.
Warface — Battle Royale
Ойыншылар Припять қаласына ұқсас картада айқасады. 16 адам картаның түкпір-түкпіріне түскен қару-жарақты тауып, бір-бірімен соғысады.
Apex Legends (2019)
"Апекс аңыздары" - соңғы уақытта танымал болып келе жатқан "корольдік айқас" жанрында жасалған. Бір картада 60-қа жуық ойыншы үш-үштен топ болып өзара айқасады. Titanfall атты жасанды ғаламшарына түскен әрбір ойыншының "батыры" ерекше қабілетке ие. Ойын тегін болғанымен өзіңізге қажетті қосымша заттарды ақшаға сатып аласыз.
Ойынды алғашқы үш күнде 10 миллионнан астам адам жүктеп, оның 2 миллионы бір уақытта ойнаған екен. Apex Legends басты бәсекелесі Fortnite ойынына қарағанда жылдам танымал болды. Epic Games жасап шығарған Fortnite ойыны тек 6 аптадан соң ғана 25 миллион қолданушыға жеткен. Дегенмен қазір консоль, ДК, смартфондардағы қолданушыларды қоса есептегенде қазір Fortnite ойынында 200 миллион ойыншы тіркелген. Apex Legends ойын нарығында пайда болғанына бір аптадан сәл асса да Twitch киберспортшылар арасында жарыс ұйымдастыруды қолға алды.
CS:GO: Danger Zone
Өзге ойындарға қарағанда CS:GO: Danger Zone бұл жанрда аса танымал емес. 2018 жылы Valve бұрыннан сұранысқа ие CS:GO ойынына Blacksite картасын қосып, «корольдік айқас» жанрына жол ашты.
Playerunknown’s Battlegrounds
Сөзсіз, PUBG - "корольдік айқас" жанрының "патшасы". Қазіргі таңда аса танымал ойындардың бірі. "Корольдік айқас" жанрына жаңа тыныс берді.
Брендан Грин жапониялық "корольдік айқас" деп аталатын фильмді көргеннен соң ойын шығаруды қолға алған. Бұл ойынның ерекшелігі - 100 ойыншы бір үлкен алаңда өмір үшін айқасады. Өзіңе қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тауып, өмір үшін өзгелермен күресесің.
PUBG ерекшелігі - миыңа салмақ салатын ешқандай тапсырма орындамайсың. Тек сенен бөлек 99 адам онлайн түрде өмір үшін күреседі. Уақыт өтісімен ойын алаңы кішірейе бастайды. Бұл аймақтан сырт қалсаңыз жаныңыз ақырындап азаяды. Сол себепті тез арада қару-жарақты сақадай сай қылып, қарсылас іздеу қажет. Ойында бірнеше тәртібі бар. Жалғыз өзің немесе команда жинап соғысуға болады. Бар болғаны осы. Дегенмен, ойынды жасаушылар оны барынша дамытуға тырысып жатыр. Түрлі локациялар мен жанрлар. Қару-жарақтың сан түрі мен неше түрлі көліктер. Жалғыз өзің немесе командаңды жинап, атыс алаңына шығып кетсең болады. Ойын үстінде бір-біріңмен еш қиындықсыз сөйлесуге мүмкіндік бар.
Жоғарыда аталғандардан бөлек мына ойындар да өз ойыншыларын тапқан: Prime Arena, The Darwin Project, Crossout, The Culling, Ring of elysium.
А. Рысдәулет