- Негізгі бет
- Техно
- Көліктің бензині азайып...
Көліктің бензині азайып қалмасын. Неге?
Бір қызығы, пандемия тұсында әлемде көлік қозғалтқышының бұзылуы, бензин насос пен басқа да жанармай жағу жүйесімен байланысты ақаулар аз болған екен. Мұның себебі неде деп ойланған автосүйер қауым мынандай қарапайым, бірақ маңызды деректі байқаған.
Пандемия кезінде ел-жұрттың бәрі "апокалипсистен" қорқып, көлікке толтырып бензин құйып алғаны жасырын емес. Көлікті бұзылмауына септігін тигізген де – осы нәрсе.
Мәселе мынада. Көліктің бензин құятын багы бос қалса, ішіне ауа жиналып, кейін конденсацияның кесірінен ауа бу мен суға айналуы мүмкін. Конденсат құбылысы – күн суытқанда, жауын-шашын жауғанда болатын кәдімгі булану құбылысы. Көлік терезесінің жауын-шашында буланып кететіні – осы конденсат құбылысынан.
Енді дәл осындай процесс көліктің бензин құятын багында да болатынын елестетіп көріңіз. Бактың бос орнына ауа кіріп, ылғал мен буға, суға айналғаннан кейін, ол бензин насос пен жанармай тарту жүйесіне түседі. Содан насос жиі істен шығады. Насостың ішінде тұрып қалған ылғал кейін коррозияға әкелуі де мүмкін.
Шешімі
Мұның шешімі оңай. Бакта барынша ауа аз болуы тиіс. Ол үшін бакты толтырып жүрген абзал.
Бірақ бакты күнде толтырып жүру керек деген сөз емес бұл. Бак кішкене азайып қалса-ақ болды, бензин құюға асығудың қажеті жоқ. Көліктің жанармай тарту жүйесі шамалы ылғалға бейімделіп жасалған. Мұндағы басты ұстанатын нәрсе – бак жиі босап қалмауы тиіс. Яғни, ылғалдың көп әрі жиі жинала бергені дұрыс емес.
Оны шешудің екі жолы бар.
- Бензин датчигін қызылға түсірмеңіз. Ондай жағдайлар аз болсын.
- Егер көлікті ұзаққа тоғытып кететін болсаңыз, онда багына бензинді толтырып құйып кетіңіз.
Сонда бензинсорғыш бұзылмай ұзақ жұмыс істейді.
Қ. Слямбек