- Негізгі бет
- Техно
- Көлік арзандауы мүмкін...
Көлік арзандауы мүмкін бе?
Қазақстанда көлік қымбаттап кеткені белгілі. Жарты жылдың ішінде ескі көліктердің бағасы 500 мың мен 1 миллион теңгенің, жаңа көліктер 2-3 миллион теңгенің арасында қымбаттап кетті. Бұған бір жағынан утилизациялық алым себеп болды деп те жатырмыз. Бұл алымды заңнамадан мүлде алып тастасақ, көлік бағасы арзандауы мүмкін бе? Осы сауалға жауап іздеп көрейік.
Шындап келгенде, 2021-2022 жылдары көлік бағасының бұлай күрт өсіп кеткеніне нақты себеп жоқ. Әлем елдерінде көлік пен техника бағаларының көтерілуі Қазақстанның да қалтасына әсер еткені түсінікті.
Біріншіден, көлік бағасының көтерілуіне жанама болса да басты себептің бірі – пандемия. Көлік сатылымы қызған уақытта әлемдік автоконцерн компаниялардың конвейерлері тоқтап қалды. Өндіруші мен дилер қоймаларында ештеңе қалмады. Бәрі сатылып кетті. Содан көлік дефициті пайда болды.
Екінші себеп – электроника құралдарының нарықта азайып кетуі. Әсіресе, чипті табу қиынға соқты. Автоөндірушілердің кейбірі тіпті электроникасын орнатпай-ақ зауыттан шығарып жатты. Ал оны орнатқыңыз келсе, төлеңіз.
Үшінші себеп – көлікке деген сұраныстың көбеюі. ХХ ғасырда көлік өндірісі алып нарыққа айналды. Көлікке деген сұраныс жылда артып барады. Оның үстіне, жаңа көліктердің технологиялық жағы да дамып бара жатқаны рас. Ал жаңа технология бағасының өсуіне әкеледі.
Төртінші себеп – инфляция. Теңгенің құнсыздануы. 2021 жылы теңге 9 пайызға дейін құнсызданды. Демек, 3 млн теңге тұратын көлік бір жылдың ішінде кем дегенде 3,3 млн теңге болды деген сөз.
Егер Қазақстанда утиль алым тоқтатылып, шетелден көлік енгізудің оңтайлы жолдары заңдық тұрғыдан мақұлданса және инфляция деңгейі төмендесе, әлемдік көлік нарығы тұрақталса, онда елдегі темір тұлпардың бағасы өз арнасына түсуі мүмкін. Ең пессимистік көзқарасқа тұрақтасақ, онда Қазақстанда көлік қымбаттамай, қазіргі статикалық қалпына қалмақ. Ал оптимистік көзқарасқа сенсек, онда ескі көліктің бағасы 1 миллион теңгеге дейін арзандауы мүмкін. Қалай десек те, кез келген жағдайда пессимистік бағалауға йық артқан жөн.
Қ. Слямбек