- Негізгі бет
- Техно
- ҚХР 2022 жылы...
ҚХР 2022 жылы автоматтандырылған жүрдек пойыздарды іске қосады
Қытай үкіметі 2022 жылы автоматтандырылған басқару жүйесіне ие жүрдек пойызды іске қосуды жоспарлап отыр. Аталған пойыз Бейжіңді 2022 жылғы қысқы Олимпиада кезінде Чжанцзякоу (Хэбэй провинциясы, Солтүстік Қытай) қаласымен байланыстырады. Бұл туралы China Daily басылымы хабарлады.
Басылымның хабарлауынша, 2018 жылдың шілде-қыркүйек айларында ҚХР автоматтандырылған пойызды тәжірибеден ойдағыдай өткізген. Сынақ Бейжің мен Шеньян қалаларын байланыстыратын теміржолда өткізілген. Сынақ кезінде автоматтандырылған жүрдек пойызы жылдамдығын сағатына 350 шақырымға дейін жеткізген.
Пойыз автоматты түрде кестеге сай жүріп, станцияларға өздігінен тоқтайды, есіктері де автоматты түрде уақытымен ашылып, жабылады. Мамандар: "Мұндай пойыздар ҚХР теміржол табысын көтеріп, жол апаттарының алдын алады", – дейді.
Еске сала кетейік, Қытай жүрдек пойыздар жүретін ең ұзын теміржол магистралына ие. China Railways мемлекеттік корпорациясы мәліметінше, 2018 жылы оның ұзындығы шамамен 29 мың шақырымға жеткен. Ал жалпы ҚХР-дағы теміржол ұзындығы 127 мың шақырым, 2025 жылдарға келіп бұл көрсеткіш 175 мың шақырымға дейін ұзаратыны жоспарланған.
Т. Раушанұлы