Қазақстанның мәдени орталықтарына виртуал-тур

Қазақстанның мәдени орталықтарына виртуал-тур
Фото: tengrinews.kz

Жаслан Наурызбаев Назарбаев университетінің қолдауымен әртүрлі ғимараттарды виртуал әлемге айналдырып жатыр. Оның жасаған бағдарламасында үйде отырып-ақ театр, музей немесе мейрамханалардың іші-сыртын көруге болады.

Жаслан панорамалық суреттер мен виртуал әлемге бұрыннан қызығатынын айтады. Қазақстанда бұл бағытта жасалған жұмыстар көп емес. Әлі дамымаған. Осы себепті Жаслан Қазақстан бойынша виртуал 3D-турлар жасауды қолға алған. Оның жобасын Назарбаев университеті қолдап жатыр. 

"Құрылыс компанияларымен жұмыс істедім. Сату бөлімінде клиенттерге нысанды көрсету қажет. Біз суреттің жеткіліксіз екенін түсіндік. Өйткені тек суретке қарап сіз оның іші-сыртына кіре алмайсыз. Сосын біз әртүрлі жабдықтардың көмегімен ғимараттардың цифрлы көшірмесін жасап шықтық", - дейді Жаслан.

Жоба City360 деп аталады. Бұл жоба Назарбаев университетінің NURIS (Nazarbayev University Risk-taking Inspiration Synergy) бизнес-инкубациясының финалына шығып, қолдау тапты. 

"Шынымды айтсам, ол жақта көп нәрсені үйрендім. Стартап бастағандарға NURIS-ке баруға кеңес беремін. Өйткені бизнес-білім алу, өзіңді дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Жұмысыңды ұйымдастырып, өңдеуге көмектеседі", - дейді ол.

Бүгінге дейін жоба аясында жүзге жуық ғимаратқа 3D-тур жасалды. Оның ішінде, театр да, музей де, дүкен мен барбершоп та бар. Жақында команда Алматыдағы Дінмұхамед Қонаевтың музей-пәтерінің виртуал нұсқасын жасап шығады.

"Командамызда үш оператор, екі постпродакшн режиссері, Алматыда аймақтық екі өкіліміз, Нұр-Сұлтан бес адам бар. Оператор объекттерге барып, оның жобасын жасайды. Артынша виртуал көшірме қандай болатынын анықтаймыз. Оператор қажет материалын түсірген соң режиссерге жібереді. Ал олар турды жасап шығады", - дейді Жаслан.

Жоба коронавирус пандемиясы кезінде еліміздегі мәдени орталықтарды көргісі келетіндерге қолжетімді болды. 

"Бұл жобаны мектеп бағдарламасына енгізуге болады. Қазір балалар сабақты онлайн оқып жатыр. Оларда жобаға қызығушылық бар екенін түсіндік", - деді Жаслан.

А. Рысдәулет