Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік желі қайсы?
"ВКонтакте" әлеуметтік желісі белсенді қолданушы саны бойынша Қазақстанда көш бастап тұр.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі медиа-саланы зерттейтін ресейлік Brand Analytics компаниясына сараптамаға тапсырыс берген. Зерттеу қорытындысы бойынша "ВКонтакте" әлеуметтік желісі көш бастап тұр. Павел Дуров негізін қалаған желінің Қазақстанда 1 781 760 қолданушысы бар екен. Ал 1 008 360 адам тіркелген Instagram екінші сатыға жайғасты. Үздік үштікті "Мой Мир" түйіндеп тұр. Ал Facebook желісіне 413 026 адам тіркелсе, Twitter-ге бар болғаны 27 776 адам кіреді екен.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың тек 10,6 проценті ғана ешбір әлеуметтік желіге тіркелмеген. Ал желі қолданушылардың сүйікті ісі - өзге қолданушылардың посттарына пікір қалдыру (24,81%). Екінші орында жаңа таныстар табу (21,9 %). 12,44 проценті әр түрлі сауалнамаларға қатысады екен.
Әлеуметтік желілерде, форумдар мен блогтарда қойылған ақпаратқа халықтың тек 16,54 проценті ғана толықтай сенеді. Ал 65,28 процент адам тек кейде, ақпаратты тексергенде ғана сенетінін айтқан. 12,22% адам болса сенбейтінін жеткізген.
Елімізде баспасөз басылымдары сұраныстың азаюынан бағытын өзгертуге мәжбүр. Таралым санын азайтып, цифрлы форматқа өтіп, ғаламтор аудиториясына ыңғайланған редакциялық саясатқа көшуді қолға алған. Ғаламтор қолданушыларының саны артқанымен телевизияға сұраныс аса қатты өзгере қойған жоқ. Дегенмен бұл салада да көрсеткіштің төмендеуі байқалады.
Жақын болашақта әлеуметтік желі қолданушылары сұранысқа енді ие болып келе жатқан мессенджерге көптеп ауысады.
А. Рысдәулет