- Негізгі бет
- Техно
- Қазақстанда мобильді интернет...
Қазақстанда мобильді интернет жылдамдығы артты
Жыл басынан бері елімізде мобильді интернет жылдамдығы секундына 19,52-ден 31,74 мегабитке дейін өсті.
Finprom.kz сарапшылары қыркүйек айындағы мобильді интернет жылдамдығы бойынша елдер рейтингінде Қазақстан бір айда үш сатыға көтеріліп, 80-орынға тұрақтағанын хабарлады. Рейтингке сәйкес, елімізде жыл басынан бері мобильді интернет жылдамдығы 62,2 пайызға, секундына 19,52-ден 31,74 мегабитке дейін артқан.
Дәл осындай рейтингте Орталық Азия елдері арасында Қазақстан бірінші орынға ие болды, сонымен қатар еліміз Беларусь пен Ресейді басып озған. Интернет жылдамдығы бойынша көшбасшылар – БАӘ, Оңтүстік Корея, Норвегия, Катар және Қытай мемлекеті.
Зерттеуде 2021 жылдың тоғыз айында байланыс саласына салынған инвестиция 17,8 пайызға өсіп, 88,8 млрд теңге болғаны айтылған. Кейінгі бес жылда күрделі салымдар көлемі жылына орта есеппен 19 пайызға өсіп отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2021 жылдың екінші тоқсанында жалпы байланыс саласындағы зерттелген кәсіпорындардың 45 пайызы және 39 пайызы тиісінше негізгі қорлар мен құрал-жабдықтарға, атап айтқанда ескі жабдықтарды ауыстыруға, өндірістік қуаттарды тәртіппен кеңейтуге инвестиция салған.
2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда 24,2 миллион ұялы байланыс абоненті болған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға көп. Сарапшылар 2019-2025 жылдар аралығында мобильді интернетті пайдаланушылар саны 54 пайызға артады деп болжайды. Осы уақытқа дейін 3G қызметтері жалпы нарықтың 28 пайызын, 4G технологиялары 60 пайызын, ал жаңа 5G желілері нарықтың 12 пайызын қамтымақ.
Бұған дейін Цифрлық даму министрі 5G-ге кезең-кезеңімен көшу 2022 жылға дейін жүргізілетінін және республикалық маңызы бар қалаларда жоспарланғанын хабарлаған болатын.
2021 жылдың қазан айының басында байланыс операторлары Нұр-Сұлтан мен Алматыда 5G желілерін сынақтан өткізуді бастады.
Т. Раушанұлы