- Негізгі бет
- Техно
- Қазақстанда азық-түлік пен...
Қазақстанда азық-түлік пен тауарларды төмен бағада сататын стартап іске қосылады
Рафаэль Жансұлтанов пен оның командасы Назарбаев Университетінің қолдауымен кафелердегі, мейрамханалар мен кондитерлік дүкендердегі тағам шығынын азайтатын және сатып алушылар ақшасын үнемдейтін стартап бастады.
Бұл стартап арқылы еліміздегі кәсіпкерлер артылып қалған тауарын жеңілдікпен сата алады.
"Пандемия кезінде дүкендерде, кафелерде, мейрамханаларда және дәріханаларда сақтау мерзімі аяқталуға жақын сатылмаған тауарлар көбейе бастады. Сондықтан мен осыны болдырмау үшін компаниялар тауарларын жеңілдікпен сататын қосымша жасаймын депшештім. Осылай аутлет орталығы сіздің смартфоныңызда болады", - дейді стартаптың негізін қалаушы Рафаэль Жансұлтанов.
Жоба JOISS! деп аталады. Компаниялар қосымшаға тіркеліп, өнімді жеңілдікпен сату туралы жарнама орналастырады. Қосымшаны пайдаланушылар өздері қалаған өнімді таңдап, сатып алады.
"Мысалы, наубайханада 15 круассан пісірілді дейік, кешке қарай олардың бесеуі сатылмай қалды. Кондитерлік компания тағамды тастамау үшін біздің платформада оларды жеңілдікпен сатады. Жеңілдікпен оларды алғысы келетіндер көбейеді. Осы арқылы сіз бағасы арзан, жаңа піскен тамақ сатып аласыз. Қысқаша айтқанда, круассаннан бөлек сіз платформадан маусымдық өнімдер, дәрі-дәрмек, киім, аксессуар және электроника тауарын ала аласыз", - деп түсіндірді Рафаэль.
Стартап жарамдылық мерзімі өткен немесе сенімсіз, белгісіз өндірушілермен келісімшарт жасамайды. Тек өнімнің сапасын дәлелдеген компаниялармен ғана жұмыс істейді.
Рафаэль – Павлодар тумасы. Магистратураны АҚШ-тағы Эдмунд Маски атындағы Халықаралық бағдарлама бойынша аяқтаған. АҚШ-та ол әлемдік экономика мен халықаралық бизнесті оқыған. Елге оралғаннан кейін, пайдалы стартап ашуға шешім қабылдап және жобасы қолдау табуы үшін NURIS-ке (Nazarbayev University Risk-taking Inspiration Synergy) жүгінген. Бұл орталық дамудың бастапқы кезеңіндегі стартаптар мен бизнес-идеяларды қолдайды.
"Мен саналы тұтыну мен өндірісті дамытуға ұмтылып, әртүрлі саладан ойымыз бір жерден шығатын мықты команда жинадым. NURIS біздің идеяны өміршең жобаға айналдыруға көмектесті. Содан кейін Shell Kazakhstan бағдарламасының серіктесі демеуші болды. Олардан жобаны дамыту үшін 800 мың теңге сыйақы алдық. Біз қазір мобильді қосымшаны дамытып жатырмыз, сонымен бірге жобаны әлеуметтік желілерде жарнамалаймыз, жаңа серіктестер тартып, клиент базасын кеңейтеміз. Мобильдік қосымшаны жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз", - дейді Рафаэль.
Оның айтуынша, қазір әртүрлі саланың 15-ке жуық компаниясы тестілеу режимінде стартаппен ынтымақтастық орнатуда.
БҰҰ мәліметтері бойынша, әлемдегі азық-түліктің үштен бірі қоқысқа тасталады. Әлемдік экономика жыл сайын осыған байланысты шамамен триллион доллар жоғалтады. Қазақстанда азық-түлік шығыны тіркелмейді, бірақ кейбір сарапшылар біздің елде жалпы шығын 40 пайызға жетуі мүмкін деп болжаған.
Т. Раушанұлы