ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев жаңа KazSat ғарыш аппаратының жұмысына 40 миллиард теңге қаржы жұмсалатынын мәлімдеді.
"Бүгінгі таңда біз ғарыш аппаратының сыртқы бейнесіне қатысты техника-экономикалық негіздеумен (ТЭН) айналысып жатырмыз. Бір шешімге келген соң, байқау жариялаймыз. Техника-экономикалық негіздеу – 40 миллиард шамасында. Бұған ғарыш аппараты мен оның жұмысын бақылайтын және Жермен байланыс жасайтын өзге де шығындар жатады", - деп келтіреді Асқар Жұмағалиевтің сөзін Tengrinews.kz сайты.
Министрдің айтуынша, құжатқа байланысты барлық мәселе шешілген. Жақын уақытта байқау жарияланып, бас мердігер анықталады.
KazSat алғашқы жерсерігі 2006 жылы 18 маусым күні Байқоңырдан ұшырылды. Аса маңызды тарихи салтанатқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин қатысты. Қараша айында KazSat жер бетіне жиілетіп телехабарлар таратып, жедел интернет-коммуникация қызмет үлгілерін көрсете бастады.
2007 жылдың аяғында да қазақстандық Жер серігіне жоспарланған жұмыстың 70 проценті жүктеліп, ақаусыз әрі қалыпты жұмыс істеп тұрды. Алайда соған қарамастан, 2008 жылдың 10 қаңтарында KazSat аппараты алғаш рет "жүрісінен жаңылып", коммуникациялық байланысында іркіліс пайда бола бастады. Сол кезде Қазақстан операторлары жерсерікпен он сағат бойы байланысқа шыға алмай, әжептәуір әуреге түсті. Осылайша KazSat алғашқы жобасы ғарыштағы қызметімен аяқ астынан қош айтысты.
Ал 2011 жылдың 16 шілдесінде Байқоңыр ғарыш айлағынан қазақстандық екінші жерсерік KazSat-2 аппараты ғарышқа ұшырылды. Араға үш жыл салып, 2014 жылы 28 сәуір күні Байқоңыр ғарыш айлағындағы №81 алаңнан "Протон-М" зымыран тасығышына тиелген KazSat-3 Жер серігі аппараты орбитаға шығарылған еді.