- Негізгі бет
- Техно
- Қазақ математигі көлікке...
Қазақ математигі көлікке бензин үнемдеуші құрылғы ойлап тапты
Қазақстанның қос азаматы – Шоқан Файзоллаұлы және Тимур Тлеухан – көлік қозғалтқышының күшін арттыру арқылы жанар-жағармайды үнемдеудің жолын ойлап тапты. Ойлап тауып қана қоймай, 2017 жылы арнайы құрылғы жасап шыққан. Құрылғының атауы – "Sh.U.T.T.box" отандық инновациялық өнім. Алматы қаласында шығарылады. Бұл жайлы біз, Massaget.kz порталы, бұған дейін де жазғанбыз.
Қазақстандық өнімнің ендігі жаңалығы – жақында бұл құрылғының "ҚазГидромет" РМК-ның сапалы өнім екенін растайтын арнайы сертификатын алғаны. Бұған дейін 2018 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың қоршаған ортаға зияны жоқ, бөтен электромагниттік толқын шығармайтыны жөнінде декларацияға қол жеткізген. Ал 2019 жылы Шоқан Файзоллаұлы және Тимур Тлеухан өздері құрастырып шыққан құрылғының қазақстандық өнім екенін растайтын патент алған.
Біз ойлап шығарған құрылғының жұмыс істеу принципін басқа елдің ғалымдары да тапқан екен. Алайда оны ешкім өндіріске айналдырмаған. Ал біз нақты өнім дайындап шықтық, - дейді Шоқан Файзоллаұлы.
Құрылғының жұмыс істеу принципі
Құрылғы өте қарапайым. Жұмыс істеу принципі де сондай. Көліктің электроникасына орнатылады. Бір жақ сымы аккумулятордың минус тұсына, екіншісі тұтандыру тетігіне тағылады.
Электр жүйесіне тағылған құрылғы генераторға импульс, яғни, күш береді. Содан моторға түсетін жүктеме азаяды да, қозғалтқыштың жұмысы жеңілдейді. Соның арқасында жанар-жағармай аз жағады әрі қозғалтқыштың күші артады. Мотор күшенбей, зорықпай жұмыс істегендіктен, іші тазара бастайды. Тіпті, катализаторы жоқ көліктердің өзі күш-қуаты катализаторы барларына жетіп қалады, - дейді Шоқан Оразаев.
Фарадей заңын – электромагнитті индукциясы заңы физикадан хабары аздарға да таныс. 8-9 сынып оқушылары жақсы біледі. Генераторға күш қосылса, қозғалтқыштың да күші артатыны түсінікті. Ал "Sh.U.T.T.box" құрылғысы дәл осы генераторға күш беруші бөлшек.
ҚазГидромет сынағы
Құрылғы "ҚазГидромет" РМК-ның сынағы биыл өткізілді әрі жақсы нәтиже көрсетті. Мекеменің қорытынды баяндамасына сүйенсек, құрылғыны сынақтан өткізу үшін төрт көлікке орнатқан. Олар – Kia Sportage, Ravon Nexia R3, УАЗ 23632 Пикап, УАЗ 390995. Құрылғы орнатылмас бұрын көліктің түтіні, оның ішінде қандай зиян заттар бары, мөлшері тексеріліп алынды. Содан соң құрылғы орнатылғаннан кейінгі – 500 шақырым және 1000 шақырымнан кейінгі көрсеткіштері алынып, сонымен салыстырылды.
Бұлардың арасында УАЗ көлігі су жаңа, Ravon орташа жағдайда, ал Kia Sportage-дің катализаторы нашар (көліктің жүрісі – 120 мың км-ға жақын). Құрылғы орнатылғаннан кейін көліктің бәрі жақсы көрсеткіш көрсеткен. Яғни, көмірқышқыл газын ауаға тарату деңгейі орта есеппен 47 пайыз кеміген.
- Kia көлігі құрылғы орнатылғанға дейін көмірқышқыш газының көлемі – 0,15-0,21% болса, орнатылғаннан кейінгі көрсеткіші – 0,06% болған. Яғни, зиян қалдық таратуы 72% азайған. Бұдан байқағанымыз, катализаторы нашар жағдайда тұрған көліктің, моторы тазарып, қалдық заты шығаруы кеміген.
- Ravon-дікі басында СО – 0,19% болса, кейін 0,14%-ға түсті. Зиянды қалдық 27% азайды.
Осылайша Sh.U.T.T.box құрылғысы іштен жану қозғалтқышы орнатылған көліктерге тиімді екені дәлелденді. Өкінішке орай, Қазақстандағы көліктердің 50 пайызы – жүрісі 100 мың шақырымнан асып кеткен көліктер. Sh.U.T.T.box осы мәселені шешуге көмектеседі. Әсіресе, ескі көліктерге орнатқанда, ауаға тарайтын қалдық көлемін әжептәуір азайтатынын көрсетті. Орташа есеппен ауа таралатын көмірқышқыл газдың көлемі 50 пайыз азаяды, - делінген кәсіпорын қорытындысында.
Шетелге сатылып жатыр
Шоқан Оразаевтың айтуынша, осы күнге дейін құрылғының 1000 данасы шығарылды. Көбі шетелде жүрген көрінеді. Алысы – Аустралия мен Жаңа Зеландияға, батысы – Канадаға дейін жеткен. Еуропада, АҚШ-та да қолданушылар бар. Ресей, Украина, Әзербайжан мен Қырғызстан сынды ТМД елдері – тұрақты тұтынушы.
Қ. Слямбек