Жұмыс істеуге кедергі келтіретін дүниелер көп. Олар: ғаламтор, әлеуметтік желі, электронды поштаға келген хат, youtube желісіндегі видеолар, жаңа фильмнің трейлері және т.б. Оларға бөгет болатын бағдарламалар туралы біріңіз білсеңіз, біріңіз бейхабарсыздар. Сіздерге кеңес ретінде бірнешеуін назарларыңызға ұсынамыз.
Chrome браузерінде сізге көмегі тиер бағдарламалар өте көп. Бірақ оны көпшілік қолданбайды. Ол үшін Chrome браузерінде "Баптаулар" батырмасын басыңыз.
Басты мәзір мониторға көрінген соң, "Кеңейту" (Расширения) батырмасын басыңыз. "Тағы да кеңейту" (Еще расширения) деген батырманы басасыз.
Іздеу батырмасына бағдарламаның атын жазасыз. Мәселен, Timewarр бағдарламасын орнатыңыз. Аты атап тұрғандай, бағдарлама қай сайтта қанша уақыт отырғаныңызды анықтап береді. Бұдан қанша уақыт бос өткізгеніңізді біле аласыз.
Бағдарламаны орнатқан соң, сілтеме жолағының тұсында кішкентай ғарыш кемесінің белгісі шығады.
Тінтуірді сол белгіге апарып, оның оң жақ батырмасын басып, "Параметрлер" түймесін басасыз. Сол кезде аталған бағдарламаның сайты пайда болады.
Бағдар көрсетіп тұрған жерді басып, сілтеме жазылатын орынға (domain.com деген жерге) Timer Only батырмасымен сақтаңыз.
Мысалы, біз бос жолға facebook әлеуметтік желісінің сілтемесін салдық.
Сол желіде қанша сағат отырғаныңыз оң жақ жоғарғы бұрышта жазылып тұрады.
Дәл сондай бағдарламаның тағы бір түрі – Inbox When Ready бағдарламасы сізді мазалай беретін электрондық хаттардан «қорғап» отырады. Оны да жоғарыда аталған әдіспен жүктей аласыз.
Ал News Feed Eradicator бағдарламасы Facebook желісіндегі жаңалықтарды жасырып, сізге күш бітіретін қанатты сөздерді жариялап отырады.
Forest бағдарламасы сіз жұмыс жасап отырған сәтте виртуалды теректі баптап өсіріп отырады. Егер сіздің ішіңіз пысып, ойда-жоқта қара тізімдегі сайттарға немесе әлеуметтік желілерге кірсеңіз, ол мәуелі ағашыңызды балталап, кесіп тастайды. Бұл бағдарламалар туралы жеке-жеке жариялайтын боламыз.
Міне, сізді осындай кеңестерімізбен қуанта аламыз. Сонымен, еңбегіңіздің жемісін көргіңіз келсе, уақытыңыздың бал дәмін татқыңыз келсе, қазірден бастаңыз.