ESA Еуропа ғарыш агенттігі "Таза ғарыш" жобасы аясында плазмалы аэродинамикалық құбырдың ішінде сынақ өткізді. Ғалымдар жерсеріктерінің Жер атмосферасында балқуын жасанды түрде қайталап көрді.
Агенттіктің ресми сайтында сынақтың бейнежазбасы жарияланды. Кельн қаласындағы DLR неміс аэроғарыш орталығының алаңында өткен сынақта орбитальді жерсеріктің ең қалың бөлшегі қолданылған. Мөлшері 4х10 сантиметр болатын магнит қайтарғыш құрылғы жасанды серіктің Жердің магнит өрісімен әрекеттесуі үшін арналған. Зерттеушілер магнитті қайтарғыш құрылғының үлгісін сырты көміртекті талшықтан тоқылған полимерлі композитті материалдан жасаған. Сондай-ақ құрылғыға жезден жасалған шарғы мен темірлі-кобальтті өзек орнатылған.
Ғалымдар алдымен өзекшені плазмалы аэродинамикалық құбырға салып, гипердыбыстық плазмада Цельсий бойынша бірнеше мың градусқа қыздырды.
"Біз құрылғы жасалған материалдардың беріктігін, әр түрлі жылу ағынында өзін қалай ұстайтынын бақыладық, - дейді ESA инженері Тиаго Соарес,- "Үлгі жылу ағынының ыстық дәрежесінде толықтай балқып кетті".
Зерттеушілер жерсеріктердің біздің планетаның атмосферасында қалай өртенетінін түсінуге тырысты. Зерттеудің нәтижесі болашақта жерге құлайтын ғарыш аппараттарының тудыратын қауіп-қатерін азайтуға септігін тигізетіні анық.
Жерге қайта оралатын ғарыш құрылғысы атмосферада толықтай өртеніп кетеді, алайда аппараттың кейбір бөлшегі жерге түсетін жағдайлар да кездесіп тұрады.
Мысалы, 1997 жылы Техас штатының тұрғындарыы Стив пен Верона Гутовскилар фермасынан 50 метр қашықтықта құлаған 250 келілік зымыран сатысының жанармай шанының куәсі болған.