Қазір флагман смартфондардың көбі 6 немесе 8 GB жедел жадқа ие. Бірақ Xiaomi жақында жедел жады 10 GB болатын Mi MIX 3 смартфонын шығарды. Бұдан кейін 10 GB жедел жады жаңа тұрақты деңгей болып көрінгендей болған, сөйтсе жедел жады одан да көп чипсет бар болып шықты. Micron компаниясы 7 қарашада екінші буындағы 12 GB-тық LPDDR4X чибін шығаратынын мәлімдеді. Чипсеттің мәліметті жіберу жылдамдығы 4266 Мбит/с.Бірінші буындағы LPDDR4X-4266 чибіне қарағанда жаңа RAM-ның қуатты жұмсау жиілігі 10%-ға төмендетілген. Технологтар мұндай көрсеткішке 10 нанометрлі процесс арқасында жеткен. Жедел жад қандай қызмет атқарады? Жедел жад процессормен жұмыс істейтін кез келген құрылғыда болатын бөлшек. Шартты түрде смартфонның жедел жадын алып қарайық. Егер смартфон жедел жадының көлемі аз (2-4 GB) болса, оның жұмыс өнімділігі нашар болады, бірнеше бағдарламаны қатар қолдану қиындайды, жұмыс істеп тұрған процесстерді тоқтатпайынша жаңа процесстер дұрыс жүрмейді. Жедел жадта не сақталады? Смартфонның екі жады бар: бірі негізгі ішкі жад, екіншісі осы жедел жад. Ішкі жадта тұрақты, көлемді (бағдарламалар, медиафайлдар т.с.с.) деректер сақталады, ал жедел жадта тұрақсыз, көлемді деректердің драйверлері мен қосымшалары сақталады. RAM көлемі 4 GB болса, ешбір бағдарлама қолданылмағанның өзінде оның жартысы бос болмай тұратыны бар. Оларды батарея деңгейін көрсетіп отыру, графикалық адаптер, процессор жиілігі сияқты смартфонның тыныстауына жауап беретін процесстерге жұмсалады.