Саусақ таңбасы сияқты адамның жүрісі де ол адам жайында толық ақпарат бере алады. Адам бір-бірінің жүрісіндегі айырмашылықтарды, артықшылықты ажырата алмауы мүмкін. Бірақ жасанды интеллект бұл қасиетті толыққанды меңгерді. IEEE Transactions on Pattern Analysis and Machine Intelligence зерттеулері бойынша StoofBD деп аталған жүйе кез келген адамның жүрісін қатесіз ажыратады. Ол осыған дейін дәл осы қызметті атқарған жүйеден 380 есе нақтылықта жұмыс істейді. StoofBD Манчестер Университетінде дайындалды. Бұл жобаны жүзеге асырған автордың айтуынша, адам жүрген кезде 24 түрлі қимыл жасайды. Жүйенің базасына 120 адамның 20 мың қадамы енген. Жасанды интелект осы қадамдардағы қимылдағы сәйкестік бойынша адамды танитын көрінеді.Сынаққа қатысқан 120 адам арнайы кілемшенің үстінде жүрді. Дәл осы кілемшеге жазылып қалған ақпарат жасанды интелекттің нақты болжам жасауына ықпал етеді. StoofBD жүйесін қауіпсіздік үшін аэропорттарға, жеке үйге орнатуға болады. Ол үшін аулаға жүрістің бірнеше түрі жазылған арнайы кілемшені төсеп қою керек және сапалы анықтықта бейне жаза алатын қырағы камералар қажет. Бүгінде бұл жүйені дүниежүзінің бірнеше жерінде іске қосқандар бар. Алайда ғылымға жаңалық боп енген құрылғының бағасы қалтасы қалың азаматтардың өзін састырарлықтай дәрежеде деседі.