Интернет қолданушы балалардың 17 пайызы кибербуллинг – ғаламтордағы келемеждеудің құрбаны болған. Кейбір елде бұл көрсеткіш 37 пайызға дейін жетеді. Мұндай дерек БҰҰ Комиссиясының кеңжолақты байланыс жөніндегі баяндамасында көрсетілген.
9 бен 17 жас аралығындағы әрбір 5-ші бала виртуальді әлемде кемсіту мен келемеждеудің құрбанына айналады екен. Заман дамыған уақытта балаларға интернеттен білім алу мен ақпарат қолжетімді болып отыр. Дегенмен мұның кері әсері де бар. Мамандардың айтуынша, виртуальді әлемде балаларға қауіп те көп туады екен.
Интернет арқылы балаларды жат ағымға тарту мен олардың бейнеойындарға тәуелділігі көбейіп келеді. Оның үстіне уақытының көп бөлігінің ғаламторда өткізетін балалардың денсаулығына зиян келіп, ауруға шалдығу факторлары артқан.
Әлем бойынша интернет қолданушылардың 30 пайызы балаларды құрайды екен. Мамандар халықаралық ұйымдардан қауіптің алдын алуды сұрап отыр.
"Балаларды интернеттегі қауіптен қорғау үшін барлық мүдделі ұйымдар бірігіп, бірге жұмыс істеулері қажет. Үкіметтер, ғылым саласының мамандары, азаматтық қоғам мен жеке тұлғалар балаларды қорғауды дамытуға инвестициялау керек", – деді БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде баяндама жасаған Швецияның королевасы Сильвия.
Зерттеуге сәйкес, қазіргі таңда балалардың 71 пайызы интернетті қолданады. Ал жақын болашақта олардың саны арта түсетіні анық. Бірақ әлемнің тек 21 мемлекетінде балаларды интернеттегі қауіптен қорғау туралы заң бар екен.
Мамандар интернеттегі қауіппен күресте ата-атаналардың рөлі жоғары екенін айтады. Қазіргі уақытта ғаламтордағы керексіз ақпараттарды, қауіпті сайттар мен контентті бұғаттауға арналған арнайы бағдарламар көп.