Инстаграм арқылы бизнес бастау. 2020 жылға арналған 5 идея

Инстаграм арқылы бизнес бастау. 2020 жылға арналған 5 идея
Фото: Wallpaper Abyss - Alpha Coders

Инстаграм арқылы бизнес бастау шын мәнісінде кез келген адамның қолынан келеді. Алдымен әлеуметтік желінің қыр-сырын ғаламтор көмегімен неше түрлі марафондарға қатысу арқылы біліп алу шарт. Арнайы курстан өтсеңіз, тіпті жақсы. Инстаграм арқылы бизнес бастау үшін оқырман саны маңызды деген таптаурын бар. Десе де ол ойдың қате екенін Balbal.kz мотивациялық сайты ұсынған мына 5 идеяны оқысаңыз түсінесіз. Ендеше, бастайық!

1 идея. Тәжірибеңізді сатыңыз

Мысалы, сіз тайм-менеджмент тақырыбына бұрыннан қызығасыз. Осы тақырып бойынша жылдар бойы білім жинақтадыңыз. Енді бар білетініңізді жазбаларға арқау етсеңіз, мықты контент/мазмұн шығатынына күмән жоқ. Уақытын тиімді пайдалана алмай қиналып жүргендер сіздің жазбаларыңызды қызығып оқи бастайды. Егерде болашақта сіз «уақытты уыста ұстау» дегендей курс өткізуді, марафон ұйымдастыруды бастасаңыз, айлар бойы жазғаныңызды оқып жүрген жандар сіздің қызметіңізді сатып алуға дайын тұрады. Қазақ тілінде мұндай мазмұнда жазбалар жариялап, білім беретін инфобизнесмендер аз екенін де естен шығармаңыз. Сіз бұл бизнестің түрімен айналысу арқылы қазақша контенттің көбеюіне, сапасының артуына үлес қосып жатқаныңызды да біліңіз.

Тәжірибе сатуда ұстанатын ережелер

• Блогерлерге қызметіңізді тегін ұсыныңыз не курсыңызды сыйға беріңіз, есесіне олардың сізге жарнама жасауын өтініңіз.
• Көп ізделетін хештегтер қойыңыз, танымал геолокацияларды белгілеңіз.
• Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл деген сияқты ерекше күндерде дәрістеріңізге жеңілдік жасаңыз, байқаулар ұйымдастырыңыз.
• Тайм-менеджмент бойынша марафон ұйымдастырсаңыз, «Қыздарға арналған тайм-менеджмент», «Бизнесте жүрген жандарға арналған тайм-менеджмент», «Тайм-менеджмент немесе бәріне үлгерудің құпиясы» деп жазсаңыз, бір оқпен екі қоянды атып өлтіресіз. Біріншіден, өзіңізді таныстырасыз (немен шұғылданатыныңызды түсіндіресіз), екіншіден, іздеу жүйесіне сөз терген жанның алдынан бірінші болып шығасыз.
• Оқырмандарыңызбен пікір алмасу, кеңес беру кезінде әдеп сақтаңыз. Тырнақ астынан кір іздеп, сынап пікір қалдыруға құмар клиенттерге назар аудармаңыз.
• Назар аудармаңыз деген жауап қайтармау емес. Кез келген пікірге жауап қайтару міндет. Алайда сабырлы, мәдениетті қалыптан таймаңыз.
• Қызметіңіздің, курсыңыздың бағасын ашық көрсетіңіз. Бағасын білу үшін уақытын кетіргісі келмейтіндер қаншама. Сонымен қатар бағаның көрсетілмеуі оның қымбат екендігін меңзеп тұрғандай әсер қалдырады.
• Клиенттің қызметке/білімге қол жеткізу процесін барынша жеңілдетіңіз.

идея. Фото сатыңыз

Демалысқа шыққан бір отбасы әр жүрген жерінде «отбасылық саяхат», «отбасылық демалыс» тақырыптарында фотолар жасап, оларды сатқан. Бұл өмірден алынған шынайы оқиға. Бүгінде контент әзірлеуші мен сол контентті сатып алушыны байланыстыратын делдал сервистер, сайттар баршылық. Біріншіден, соларға инстаграм парақшаңыз арқылы тіркелесіз. Сосын сатылымға шығаратын фотоларды белгілейсіз. Нәтижесінде табыс табасыз.

Фотолар арқылы ақша табудың басқаша да жолы бар. Алдымен биржа арқылы не өзіңіз клиент іздейсіз. Фотолардың бағасына келісіп аласыз. Содан соң тапсырысқа сай сапалы фотолар түсіресіз де келісілген соманы аласыз.

Инстаграмдағы фотоларды сатуға көмектесетін сервистер

• Foap деген сервис бар. Сайтта тіркелесіз де профиліңізді ашасыз. Өзіңіз түсірген ең сәтті, сапалы деген фотоларды жүктеп саласыз. Әр сатылған фотоға 5 доллар ала аласыз. Бұл сервистің тиімділігі – бір фотоны бірнеше рет сатуға мүмкіндік бар.
• 500px – 80 миллион фотосы бар фотографтардың басын біріктіретін қауымдастық. Фотоларыңызды паш етуге әрі лицензия алуға арналған үздік алаң.
• Snapwire – көп сурет жүктеуге мүмкіндік беретін сервис. Фотоны көбірек жүктеген сайын қосымша ұпайларға ие боласыз. Ұпай артса, ақша көлемі де артады. Қандай фотолар көбірек сұранысқа ие екендігін анықтау мақсатында «жақында ғана сатылған» айдарына кіріп шығыңыз.
• Twenty20-ның iPhone-ға арналған қосымшасы да бар. Негізі сайтқа тіркеліп алу да артық етпейді. Сайтқа жүктелген кез келген фото сатылады. Алайда авторлық құқық фотографтікі болып қала береді.

Мұндай сервистермен жұмыс істеу кезінде біле жүріңіз

• Әр фотоға 4-5 кілт сөз жазыңыз. Сол арқылы сатып алушының назарына түсесіз;
• Ешкім түсірмеген, түсірмейтін фотоларды түсіруге тырысыңыз;
• Эксклюзивті фотоларды сайттарға шығарыңыз. Сол арқылы фотоның бағасын қымбаттата аласыз.
• Ал, жалпы фотолар сату арқылы табыс тапқыңыз келсе, күтпеген сәттерді, бастан өткен оқиғаларды кадрге түсіріп үйреніңіз. Себебі брендтер қойылымдық фотоларды емес, шынайы фотоларды сатып алғылары келеді. Бір канадалық компания 52 адамның ойын ойнап, көңіл көтеріп жатқан сәті түсіп қалған фотоны $6000 сатып алғанын тілге тиек еткіміз келеді.
• Фотолар арқылы нақты қанша табыс табуға болатындығын кесіп-пішіп айту қиын. Қандай сервиске тіркелесіз, қанша фото сата аласыз, соған байланысты. Жалпы бір фотоның орташа құны $5-15.

идея. Инстаграмдағы фотолардан альбом жасаңыз

Қайда бардық, кіммен кездестік, бәрін-бәрін инстаграмға фото ретінде саламыз. Біздің бар естелігіміз бүгінгі таңда инстаграм парақшамызда. Алайда кейде соны альбом ретінде парақтап отырып, өткен шаққа оралғымыз келеді.

Сауда орталықтарындағы автоматтар инстаграмдағы фотоларды басып шығаруға мүмкіндік береді. Алайда біз ұсынатын идея мүлде бөлек. Мәселе бір-бірден фотоларды шығаруда емес, оларды фотоальбом ретінде клиентке ұсыну. Мысалы, биыл күзде Дубайға барып келдіңіз делік. Енді сіз өзіңізге ұнайтын фотоларды таңдай отыра, Дубайдағы естеліктерге толы фотокітапқа қол жеткізе аласыз. Ол жерде тіпті қойылған лүпіл, фотоның жарияланған уақыты, жазылған пікірлер көрініп тұруы мүмкін. Бәрі клиенттің қалауына байланысты.

Қатты мұқабадағы мұндай фотоальбомдар инстаграм арқылы табыс табуға мүмкіндік беретін инновациялық идея. Ол үшін сіз алдымен сайт ашасыз. Онда тапсырыс беруші ұнаған фотоларын таңдай отырып, өз қолымен кітап жасап шығады. Дизайнын, бет санын, фотолардың орналасу ретін өзі таңдайды.

Аталмыш идеяны жүзеге асырумен айналысатын болсаңыз, негізгі шығын сайт құрастыруға және жарнамаға кететінін біліңіз. АЛ баспахананы асықпай таңдаңз. Бір кітапты жасап, өзіңіз үшін шығарып көріңіз. Бағасына келісіңіз. Қағаздың сапасына, түстердің қанық болуына назар аударыңыз. Содан соң ғана баспаханамен келісімшарт жасаңыз.

Мұндай кітаптардың бағасы 5000 теңгеден басталады. Құны сурет пен бет санына және көркемдеу деңгейіне байланысты. Жалпы бағаны бекіту барысында тұрақты шығындарыңызды тізіп, қанша қаражат кететіндігін санап шығыңыз. Сайтқа жұмсалған ақшаны да ұмытпаңыз. Сосын барып фотокітаптың құнын бекітіңіз.

идея. Сөзіңізді сатыңыз

Жетістікке жеткен адамдар баршылық. Олардың барлығы инстаграмда белсенді болғысы келеді. Алайда күн сайын жазба жазып отыруға уақыттары жоқ. Сондықтан олар айтқандарын лезде қағып алатын, содан мықты контент дайындайтын контент әзірлеушілерді іздейді. Әр жазбаны оқи отырып, автордың мінез-құлқын танып, жан-дүниесіне үңілуге болады. Ендеше өзіңіз қызығатын салада сәтті жұмыс істеп жүрген кәсіпкердің ой-пікірін, тәжірибесін сөздің сиқыры арқылы жазбаға айналдыруды үйреніңіз. Бұл тұрақты түрде табыс табуға мүмкіндік беретін идея.

Қазақ тілді аудиторияның өсуіне байланысты бизнестерін қазақша жүргізгісі келетіндердің саны артуда. Осы сұранысты есепке ала отырып, қандай контентке мықты екеніңізді анықтап алыңыз. Содан кейін ғана сол бизнес иелеріне ұсыныспен хат жазыңыз, қоңырау шалыңыз, кездесу белгілеңіз. Бетпе-бет көріспей жатып, жұмысқа кіріспеңіз. Тапсырыс берушімен әңгімелесе отырып, оның жан-дүниесіне үңілуге тырысыңыз. Бұл сізге жазба жазу барысында қатты көмектеседі. Қазақша мәтінге, жазбаларға тапсырыс беруші клиенттер көбейсе, контент-бюро ашып алыңыз.

Сөздің құдіретін сездірту үшін әдіс-амалдар қолданыңыз

• Кез келген ақпаратты жеткізу барысында сторителлинг яғни оқиғамен жеткізу әдісін тиімді пайдаланыңыз;
• Диалектерді пайдаланбаңыз, керісінше көркем сипаттайтын тұрақты тіркестерді, ойды дөп жеткізетін мақал-мәтелдердің көмегіне жүгініңіз;
• Қысқа әрі нұсқа жазыңыз. Инстаграмның жазбасы газетте шығатын мақал еместігін бір сәтке де естен шығармаңыз.
• Не туралы жазатыңызды алдын-ала ойластырып жүріңіз.

идея. Бренд визуализаторы болыңыз

Бүгінгі таңда жазбалардың мәтінін жазатын адам ғана емес, сол жазбаның фотосын дайындап беретін маман да сұранысқа ие. Сапалы фотосессия жасату жұмсалған ақша мен таңдалған фотографқа байланысты. Бірақ бар мәселе фотода ғана емес. Фотосессия барысында түсірілген фотоларды инстаграм парақшасына әдемі етіп сала білетін жандар да аз. Мұндай кезде жеке бренд визуализаторлары көмекке келеді.

Олар сіздің рухыңызға, мінезіңізге, кәсібіңізге сай келетін фотосессия ұйымдастырады. Қаланың ең көркем жерлерін өздері таңдайды. Фотоға түсіп үйренбеген болсаңыз, әдемі фото жасауға психологиялық тұрғыдан көмекке келеді. Әрине, алдымен шашыңызды әдемілеп, бет-әлпетіңізді әрлеп береді. Фотосессия барысында киілетін киім де бренд визуализаторларымен талқыланады. Нәтижесінде клиент 30 күндік не одан да ұзақ мерзімге арналған дайын фото-контент қол жеткізеді. Сонымен қатар сол маманға парақшасының профилін сауатты толтыртып алады.

Бұл мамандық түрін оқыта бастаған қазақстандық инфокәсіпкерлер бар. Мұндай курстың бағасы 150 000 теңге. Бренд визуализаторы бір клиентке 2-3 сағат уақытын арнайды. Нәтижесінде 50 000-100 000 теңге көлемінде табыс табады. Мұнда да есепке алынуы тиіс тұрақты шығын түрлері бар. Олар: фотограф пен бет, шаш әрлеушінің гонорары. Қала ішінде жүруге кететін жол шығыны. Клиент шөлдеп қалса, бір шыныаяқ кофе алып беру керек. Алайда 2-3 сағат жұмыс үшін 25000 теңге мен 75000 теңге  аралығында ақша алу өте тиімді.

Біз ұсынған идеялардың көбісі – инстаграм арқылы бизнес бастау үшін оқырман саны маңызды еместігінің бір дәлелі.

Инстаграм арқылы бизнес бастау барысында біз сізге сәттілік тілейміз!

Жазира Байдалы
balbal.kz

@. @assel_assanova